Жаңалықтар тізбегі
0

Бүгін Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толды!

Әлкей Марғұлан, 120 жыл, мерейтой, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.05.2024 17:51 Сурет: Facebook/Ә. Марғұлан атындағы Археология институты
Биыл, 2024 жылы атақты ғалымның 120 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылатын халықаралық конференция Павлодарда өтеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Биыл қазақ археологиясының атасы атанған Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл. Ол тек ұлттық археология мектебінің негізін қалаумен шектелген жоқ. Сонымен қатар тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, шығыстанушы, өнертанушы болды. Тіпті сәулет өнерін де зерттеді. Ғылымның сан саласын меңгеріп, артына өшпес мұра қалдырды. Ғалым есімі халқының жадында. "Мен өзімді ең әуелі өнертанушы, одан кейін Шоқанды зерттеуші, сосын барып қана әдебиетшімін, этнографпын, археологпын деп санаймын", – деген Әлкей Марғұлан өз естелігінде. Осы өзі атаған салада 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмысы мен 100-ден астам энциклопедиялық мақала жазды. Жолдасбек Құрманқұлов археологтың қол астында жұмыс істеп, шәкірті болған жан, деп хабарлайды 24kz.

"Көп жылдар бойы сол кісінің тапсырмасымен Орталық Қазақстанда Атасу, Мұржа, солардың жанындағы зираттарды, қола дәуірінің металлургтерінің мекендерін қаздық. Сонымен қатар ол кісімен мені жас кезімде 1978 жылы әлгі Беғазы-Дәндібай мәдениеті деген мемлекеттік сыйлық алған, үлкен еңбегін жарыққа шығаруда сол кісінің үйінде отырып, ол кісіге көмектестім".Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Жолдасбек Құрманқұлов

Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. Семейдегі педагогикалық техникумды тәмамдайды. Содан кейін Мұхтар Әуезовтың ақылымен Санкт-Петербургтегі Шығыс институтының филология факультетіне оқуға түседі. Осында жүріп, ғылымға ден қояды. Қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеп, архив материалдарын жинайды. Кейін алашордашылармен байналыста болғаны үшін қазақ зиялыларының өкілі ретінде қудалауға түседі. 

"1946 жылдан бастап басқа салаға көшуге мәжбүр болды. Қаныш Сәтбаевтың ұсынысымен археологиямен айналыса бастады да, бірнеше жылдың ішінде заманауи Қазақстанның археологиясының негізін қалады деп айтуға болады. Ол ең алдымен Орталық Қазақстан экспедициясын құрды. Одан кейін өзі бүкіл Орталық Қазақстанды аралап шығып, археологиялық ескерткіштердің жалпы картасын жасады. Біз бүгінгі күнге дейін Әлкей Марғұлан жасаған тізбе бойынша жұмыс істеп жатырмыз деп айтуға болады".ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл

Қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын Беғазы-Дәндібай мәдениет ескерткіштерін алғаш рет Әлкей Марғұлан ашқан болатын. Ол басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы, төменгі палеолит ескерткіштерінен бастап ортағасырлық қалалар өркениеті ошақтарын зерттеді.

"Қола дәуірі – ол кісінің негізгі зерттеу тақырыбы. Орталық Қазақстандағы қола дәуірі, металлургияны зерттеді. Қазақ жеріндегі металл өндірісінің жергілікті жерде дамығанын нақтылап берді. Этнографиялық, эпостық жырларды жақсы білгендігі, сосын жергілікті жердің топонимикасын жақсы білгендігі, мысалы, Жезқазған өңіріндегі Жезді, Кеңгір, Кенқазған жерлерді зерттеп, сол жерде металл өндіргенін ашып кеткен".Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Әлия Манапова

Академик қазақ халқының аңыздарын, ертегілерін, жырларын, ақындарын  толыққанды зерттеді. 1958 жылы оның басшылығымен өзі үлгі тұтқан Шоқан Уәлиханов шығармаларының 5 томдық жинағы жарық көрді. Кейін Әлкей әлемі еңбектері 14 томға топтастырылып, жинақ болып басылып шықты.

Айта кетейік, 1991 жылы Марғұлан атындағы Археология институты құрылды. Қазір ондағы мамандар ғалым еңбегін жалғастырып жатыр. 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді. Ал 1989 жылдан  "Марғұлан оқулары" ұйымдастырылып келеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: