Мумия қалдықтарының жасырын қаупі анықталды
Сурет: pexels
Бұл туралы мумия фрагменттерін сатуға арналған 128 хабарландыру мен жарияланымды зерттеген биоархеологтар ескертті.
Кембридж университеті шығаратын International Journal of Cultural Property журналында жарияланған зерттеуде сатылымға көбіне қол мен аяқтың бөліктері қойылғаны айтылған. Жұмсақ тіндері немесе шашы сақталған бастар мен бас сүйектер зерттелген үлгінің 51,6%-ын құраған.
Зерттеу авторларының айтуынша, қалдықтардың едәуір бөлігінде айқын бұзылу белгілері болған. Сонымен қатар хабарландыруларда оларды қауіпсіз ұстау жөнінде ескерту немесе нұсқаулықтар болмаған.
Қауіпті мумияларды бальзамдау кезінде қолданылған материалдар да, адам қалдықтарының табиғаты да тудыруы мүмкін. Кейбір тіндер мышьяк, сынап және қорғасын сияқты ауыр металдармен өңделген. Олар қорғаныс құралдарынсыз жанасқан жағдайда адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Бұдан бөлек, кептірілген тіндерде бірнеше ғасыр өтсе де микроорганизмдер сақталуы ықтимал. Мұндай қалдықтарды абайсыз ұстаған кезде саңырауқұлақ споралары ауаға тарап, адамның тыныс алу жолдарына түсуі мүмкін.
Қауіп тек коллекционерлермен шектелмейді. Мумия қалдықтары пошта арқылы жіберілетіндіктен, олардың мазмұнын білмейтін жүк тиеушілер, жүргізушілер, логистер мен кеден қызметкерлері де мұндай сәлемдемелермен қорғаныс құралдарынсыз байланыста болуы ықтимал.
Зерттеушілер мумияланған материалдарды сақтау және тасымалдау тәртібін қатаңдатуға шақырады. Олардың пікірінше, мұндай ережелер тек сатып алушыларды ғана емес, осы заттарды қолына алатын барлық адамдарды қорғауы керек.
"Мумиялардың қарғысы" қайдан шыққан?
"Мумиялардың қарғысы" туралы аңыз көне қабірлерді ашумен байланысты болған өлім оқиғаларынан кейін тараған. Алайда зерттеу авторлары бұл құбылыстың артында түсіндіруге болатын биологиялық және химиялық қауіптер болуы мүмкін екенін атап өтеді.
Мысалы, 1970-жылдары Краковта поляк королі ІV Казимирдің қабіріне кірген 12 маманның 10-ы қайтыс болған. Зерттеушілер олардың өлімін аспергилл зең саңырауқұлағының спораларын жұтумен байланыстырады.
Ал 1923 жылы Патшалар алқабындағы Тутанхамон қабірі ашылғаннан кейін көп ұзамай қазба жұмыстарын қаржыландырған лорд Карнарвон қайтыс болды. Зерттеушілер оның өлімін де осы саңырауқұлақпен байланыстырады.
Дәл осы оқиға мысырлық мумиялардың қарғысы туралы ең танымал аңыздардың пайда болуына себеп болды. Дегенмен қазба жұмыстарын басқарған Говард Картер бұдан кейін тағы 16 жыл өмір сүрген.
Соған қарамастан кек алушы перғауындар туралы идея бұқаралық мәдениетте берік орнығып қалды.