Бағалы қағаздар нарығы мен сақтандыру секторындағы жағдай қандай
Атап айтқанда, KASE индексі көрсетілген кезеңде 8%-ға 3478,38 тармақтан 3202,66 тармаққа дейін төмендеді.
Базалық мөлшерлеме 13,5%-ға дейін көтерілгеннен кейін ақша нарығының мөлшерлемелері тиісінше жауап қайтарды – ақша нарығындағы теңгелік өтімділікті тартудың бір күн мерзімі бар орташа алынған құны 24 ақпанда 14,42%-ға дейін көтерілді және ағымдағы сәтте 14,21%-ға дейін төмендеді.
Базалық мөлшерлеме көтерілгеннен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын бастапқы орналастыру кірістілігі жылдық 12,9%-13,2%-ға дейін өсті.
Қор биржасының ресми тізімінде ағымдағы сәтте 229 эмитенттің 559 атауы бар мемлекеттік бағалы қағаздар бар, оның ішінде акциялардың 9 шығарылымы, облигациялардың 22 шығарылымы және Ресей эмитенттері пайларының 3 шығарылымы. Ағымдағы жылғы 5 наурыздан бастап «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) көрсетілген бағалы қағаздарды Т+0 схемасы бойынша толық қамтамасыз етуге аудару туралы шешім қабылдады. Бұл ретте ағымдағы сәтте бұл бағалы қағаздармен сауда-саттық тоқтатыла тұрды.
Капитал нарығында санкциялық тәуекелдер санкцияларға немесе қаржылық шектеулерге тап болған эмитенттердің бағалы қағаздары бойынша нарықтық бағалардың төмендеуіне байланысты кәсіби қатысушылардың инвестициялық портфельдерінің құнсыздануы түрінде іске асырылды.
2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың өтімділігі жоғары активтерінің 8%-ы Ресейлік эмитенттердің бағалы қағаздарымен ұсынылған. Агенттік бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың инвестициялық портфельдеріне құнсыздану және капитал жеткіліктілігі мен өтімділік коэффициенттеріне тиісті әсер ету тұрғысынан стресс-тестілеу жүргізді.
Жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша белгіленген пруденциялық талаптарды бұзушылықтар байқалмайды. Агенттік қор нарығының жүйелі тәуекелдеріне күшейтілген бақылауды, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың заңнама талаптарын орындау бөлігіндегі орнықтылығын жүйелі бағалап отыруды қамтамсыз етеді.
Қор нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету және жүйелі тәуекелдерді барынша азайту мақсатында KASE жоғары тәуекелді құралдарға қатысты қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды арттырады. Бағалы қағаздар нарығындағы жоғары құбылмалылыққа байланысты әлеуетті маржин-коллдарды күнделікті мониторингтеу жүзеге асырылуда.
Жалпы алғанда, капитал нарығының тәуекелдері бірқалыпты деңгейде сақталуда және қазіргі уақытта қаржы нарығына қатысушыларға едәуір әсер етпейді.
Сақтандыру нарығы
Қазіргі уақытта сақтандыру секторындағы жағдай тұрақты. Сақтандыру ұйымдарының міндеттемелерді толық көлемде орындауы үшін айтарлықтай беріктік қоры бар. Мәселен, сақтандыру секторы бойынша төлем жасау қабілеттілігі маржасы 01.02.2022ж. талап етілетін мәннен іс жүзінде 5 еседен астам, ал өтімділігі жоғары активтердің жеткіліктілік нормативі 1,6 еседен асады.
Енгізілген санкциялар сақтандыру секторына инвестициялық құралдарды қайта бағалау және Ресейлік қайта сақтандыру компанияларының рейтингтерін төмендету бөлігінде әсер етуі мүмкін.
Агенттік оқиғалардың дамуын мұқият қадағалайды, қарсы әріптестердің инвестициялық, валюталық, кредиттік тәуекелдерінің әсерін ескере отырып тұрақты негізде стресс-тестілеу жүргізуді жалғастырады және қажет болған жағдайда елдің сақтандыру секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдайтын болады.