Жаңалықтар тізбегі
0

Қабылданған санкциялар банк секторына қалай әсер етті – ҚР ҚНРДА жауап берді

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ресей, санкция, қаржы нарығы, экономика, Қазақстан, сурет - Zakon.kz жаңалық 20.03.2022 12:28 Сурет: Zakon.kz/Максим Золотухин
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова осы сұраққа жауап беріп, сала бойынша қабылданған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрайымының мәлімдеуінше, Қазақстан банк жүйесінің активтері 2022 жылдың басында 37,6 трлн теңге болған. Сонымен қатар жыл басынан бастап екі ай ішінде банктердегі клиенттер салымдары көлемінің 2,7%-ға 26,7 трлн теңгеге дейін өсуі байқалған.

Экономикаға кредит беру шамалы баяулады, бұл қаңтарда орын алған оқиғалардың теріс әсеріне және ағымдағы геосаяси белгісіздікке байланысты.Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова

Ол Ресей Федерациясына қатысты енгізілген санкциялардың Қазақстанның банк секторына әсері үш негізгі арна арқылы іске асырылатынын атап өтті: валюталық, кредиттік және нарықтық тәуекелдер.

Валюталық тәуекелдердің өсуі валюта бағамының өсуіне және шетел валютасында қарыз алған қарыз алушылардың борыш жүктемесінің ұлғаюына байланысты. Мұндай тәуекелдердің әсерін біз банктер тарапынан басқаруға болады деп бағалаймыз, себебі шетел валютасындағы қарыздардың үлесі – 12%. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова

Бұл ретте көрсетілген қарыз алушылардың шетел валютасында кірісі бар, бұл олар үшін валюталық тәуекелдерді жояды. Сондай-ақ ол валюталық кредиттер тек тиісті шетел валюталарында кірісі бар қарыз алушыларға ғана беріле алады деген талап заңнамалық тұрғыдан көзделгенін еске салып өтті.

Банк жүйесінен депозиттердің белгілі бір әкетілуі аясында айырбастау бағамының валюталық позицияға және банктердің валюталық өтімділігіне құбылмалылығын реттеу үшін Агенттік 2022 жылғы 28 ақпанда уақытша пруденциялық жеңілдіктерді қабылдады. Оларда валюталық позиция мен өтімділік бойынша пруденциялық нормативтердің мәндері теңгенің айырбастау бағамының өзгеруі немесе банкке байланысты емес себептер бойынша клиенттер қаражатының әкетілуі нәтижесінде бұзушылық болып есептелмейтіні көзделеді. Мадина Әбілқасымова

Мадина Әбілқасымованың айтуынша, бұл ретте банк реттеушімен өз нормативтерін заңнама талаптарына сәйкес келтіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын келісуге міндетті.

Қазіргі уақытта банктерде пруденциялық нормативтерді бұзу тіркелмеген әрі   «бұл норма банктерге өтімділік күйзелістерінің болашақта олардың баланстарына әсерін жұмсартуға мүмкіндік береді» .

Сондай-ақ біз банктердің капиталына теңгенің айырбастау бағамының өзгеруі, импорттың қымбаттауы, тауарларды жеткізу тізбегінің бұзылуы және инвестициялық жобаларды іске асырудағы кідірістер нәтижесінде қарыз алушылардың қаржылық ахуалының нашарлауына байланысты кредиттік тәуекелдердің өсуі қысым көрсетеді деп күтеміз.Мадина Әбілқасымова

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы бұл жағдайларда банктерге қарыз алушылармен, әсіресе ШОБ-пен кредиттік шарттарды жеңілдету бойынша жұмыс жүргізу ұсынылғанын, бұл жағдай банктермен бірлесіп одан әрі де мұқият қадағаланатынын айтты.

Қаржы ұйымдары үшін нарықтық тәуекелдер сезіле бастады. Мысалы, Ресейдің қаржы құралдары құнының төмендеуі және Ресей Федерациясының тәуелсіз рейтингін қайта қарау қаржы ұйымдарының портфеліндегі осындай құралдар құнының құнсыздауына әкелді.Мадина Әбілқасымова

РФ қаржы құралдарының жалпы үлесі банк активтерінің шамамен 1,3%-ын, брокерлік ұйымдар бойынша - 7,6%-ды, сақтандыру компаниялары бойынша – 5,2%-ды құрайды. Бұл құралдардың құнсыздауынан болған ең жоғары ықтимал зиян 300 млрд теңгеге бағаланады.

Әбілқасымова бұл зиянды барынша азайту үшін ресейлік эмитенттердің өтеуге дейінгі мерзімі 1 жылдан кем қысқа мерзімді бағалы қағаздарын өтеуге дейін ұсталып тұратын бағалы қағаздар санатына ауыстыру туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Сонымен қатар ол қазақстандық банктер қайталама санкциялар тәуекелдерінің пайда болуына жол бермеу үшін KYC (know your customer) рәсімдерін қатаңдатқанын атап өтті.

Ағымдағы сын-қатерлерге қарамастан, тағы бір рет қайталап айтайын, қазақстандық банктердің айтарлықтай беріктік қоры бар және бізге осы кезеңде болашақта банк секторында жүйелік тәуекелдердің қайталануын болдырмау үшін жағдайлар жасау аса маңызды. Осы мақсаттар үшін 2019 жылдан бастап біз тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесіне өттік, ол сыртқы конъюнктураның нашарлауына байланысты ағымдағы кредиттік тәуекелдерді, сондай-ақ ықтимал тәуекелдерді өтеу мүмкіндігі тұрғысынан алғанда банктердің қаржылық орнықтылығын бағалауға мүмкіндік береді. Мадина Әбілқасымова

Оның айтуынша, банк секторының айқындылығын қамтамасыз ету үшін банк секторы активтерінің сапасына тәуелсіз бағалау (Asset Quality Review, AQR) жүргізу маңызды оқиға болды. Жүргізілген AQR-дің құндылығы ең алдымен, кредиттік тәуекелдерді бағалау мен мониторингтеуге қатысты банктердің негізгі бизнес-процестерін елеулі түрде өзгертуде болады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: