Жаңалықтар тізбегі
0

Депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер қалай белгіленеді және ол не үшін керек

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры, депозит, шекті мөлшерлеме, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.03.2023 13:50 Сурет: Zakon.kz
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өткен жылы шекті мөлшерлемелерді 19 рет қайта қарады. Мақсат – салымдардың тұрақтылығын және тартымдылығын қолдау, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шекті немесе максималды сыйақы мөлшерлемелері – жеке тұлғалардың депозиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерінің шегі. Оларды ҚДКБҚ депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер үшін белгілейді.

Қор халықтың депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелерді 2008 жылдан бастап белгілейді. 2018 жылдың соңынан бастап, ҚДКБҚ теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілеуде сараланымдық тәсілдемеге көшті – енді мөлшерлемелер депозиттің түрі мен мерзіміне қарай белгіленеді.

Қазіргі таңда Қор шекті сыйақы мөлшерлемелерін теңгелік депозиттердің мына түрлері бойынша белгілейді:

  • теңгедегі жинақ депозит – белгілі бір мерзімге ашылатын ерекше салым түрі. Оны мерзімінен бұрын алған жағдайда салымшы жинақталған сыйақысынан толық дерлік айырылады;
  • теңгедегі мерзімді депозит – бұл да белгілі бір мерзімге ашылатын салым. Одан мерзімінен бұрын ақша алған жағдайда сыйақының бір бөлігі жойылады;
  • теңгедегі мерзімсіз депозит – кез келген уақытта толықтыруға және алуға болатын, сыйақысы (азайтылмайтын қалдық шегінде) жойылмайтын депозит. Онда сыйақы мөлшерлемесі салымның мерзіміне көбінесе тәуелді болмайды.
"Шекті мөлшерлемелерді бекітерде мына логика жұмыс істейді – салым икемсіз және шектеулері көп болған сайын табыстылық мөлшерлемесі де жоғары бола түседі. Мерзімсіз салымдар шарттары бойынша ең икемді салымдар. Сәйкесінше олар бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі теңгедегі басқа депозиттердің ішінде ең төмен. Жинақ салымдар – мерзімінен бұрын алу жағынан үлкен шектеулерге ие және олар бойынша максималды мөлшерлемелер депозиттер нарығында әдетте ең жоғары болып келеді".Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының баспасөз қызметі

Бұдан басқа, Қор шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді бекітеді. Олар басқа барлық депозиттердің ішінде ең төмен табыстылыққа ие – мөлшерлемесі жылына 1%-дан аспайды. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер мерзімсіз кезеңге белгіленеді және қажет жағдайда қайта қаралуы мүмкін.

"Қор теңгелік депозиттер бойынша максималды мөлшерлемелерді ай сайынғы негізде белгілейді, сондай-ақ олар ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі өзгерген жағдайда қайта қаралуға жатады. Шекті мөлшерлемелерді осылай қайта қарау тәртібі ішкі экономикадағы өзгерістердің сипатына қарай депозиттер құнын шұғыл және шынайы өзгертуге бағытталған".Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының баспасөз қызметі

Бұл ретте ҚДКБҚ бекіткен мөлшерлемелер тек ұсыныстық сипатқа ие. Қатысушы банктер оларды орындауға міндетті емес. Осы себептен банктер өздерінің өтімділікке деген қажеттіліктеріне қарай, сондай-ақ қаржылық және экономикалық ахуалдарға іштей баға бере отырып, өздерінің депозиттік өнімдері бойынша басқа мөлшерді белгілеулері мүмкін. Ал олар Қор бекіткен шекті сыйақы мөлшерлемелерінен айтарлықтай өзгеше болуы ықтимал.

Шекті мөлшерлемелердің жоғарылауы және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің өзгеруі орташа статистикалық салымшыға қалай әсер ететіндігін қарапайым мысал арқылы қарап көрелік.

Ербол 2022 жылы қарашада банкте 1 жылға ұтқыр да икемді мерзімсіз депозит ашты. Мөлшерлемесі жылына 15,5%. 2022 жылы 6 желтоқсанда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі өскен соң, ізінше Қор да теңгедегі мерзімсіз депозиттер бойынша шекті мөлшерлемені 16,3%-ға дейін көтерді. Бұл жағдайда банктер әдетте мына нұсқалардың бірін ұстанады:

  •  депозиттік өнімдер бойынша мөлшерлемелерді өзгертпейді;
  • барлық ашылған және жаңа салымдар мөлшерлемелерін көтереді;
  • тек жаңа салымдарға тиесілі мөлшерлемелерді көтереді;

"Егер банк Ерболдың депозитін келесі мерзімге ұзартатын болса (яғни мерзімі аяқталған соң, банк салымы шартының ұзартылуы), онда ұзарту кезінде банк осындай депозит өнімі бойынша мөлшерлемені өзгерткен жағдайда депозит мөлшерлемесі да өзгеруі мүмкін".Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының баспасөз қызметі

Қолданыстағы шекті мөлшерлемелермен ҚДКБҚ ресми сайтында танысып шығуға болады.

ҚДКБҚ кепілдіктер сомасы депозиттің түрі мен валютасына тікелей байланысты екенін еске салды:

  • 5 млн теңге – шетел валютасындағы депозиттер бойынша;
  • 10 млн теңге – теңгедегі жинақ салымнан басқа ұлттық валютадағы депозиттер бойынша;
  • 20 млн теңге – ұлттық валютадағы жинақ салымдар бойынша.

"Салымшыда теңгедегі жинақ салымнан басқа да депозит түрлері болған кезде жиынтық кепілдік берілген өтем сомасы (есептелген сыйақыларды қосқанда) 20 млн теңгені құрайды. Қазақстанда 2 ислам банкін қоспағанда, барлық екінші деңгейдегі 19 банк депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып саналады".Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының баспасөз қызметі

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: