Астана халықаралық әуежайындағы автотұрақ құны өзгерді
Сурет: Zakon.kz
1 тамыздан бастап елорда әуежайының автотұрақ тарифіне өзгеріс енеді. Тамыз айының басынан P1, P2, P3 аймағындағы автотұрақ бағасы 100 теңгеден 200 теңгеге көтеріледі.
Ал P4, P5, P6 аймағындағы көлік тұрағының бағасы сағатына 50 теңгеден 100 теңгеге өзгереді.
"Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жасалған отырғызу-түсіру экспресс жолағын теріс пайдалану фактілерінің көбеюіне және жолаушылардан келген шағымның артуына байланысты 15 минуттық тегін отырғызу-түсіру жолағына тәулік ішінде үшінші рет немесе одан да көп кірген жағдайда жаңа тариф бойынша 300 теңге төлейсіз. Автотұрақ тарифінің өзгеріске ұшырауына коммуналдық тарифтердің өсуі сеп. Дегенмен әуежайдағы автотұрақ бағасы тасымалдаумен айналысатын өзге нысандардағы бағадан едәуір арзан", - делінген хабарламада.
Алайда әуежайдағы жабық тұрақтың құны еш өзгеріссіз қалады. Жабық тұрақ ішкі рейстер орындалатын T2 терминалының оң жағында орналасқан. 274 орынға шақталған жабық тұрақтың құны 12 сағатқа - 1400 теңге. Тәулігіне - 1800 теңге. 12-24 сағат аралығында - 2000 теңге.
"Астана әуежайының әкімшілігі ақылы тұрақтарға балама ретінде жабық тұрақтың тура жанында орналасқан тегін тұрақты ұсынады. Сонымен қатар тегін тұрақ көбіне жартылай бос болады. Астана халықаралық әуежайының әкімшілігі келушілерден көліктерін қараусыз қалдырмауын, тәртіпсіздік орнатпауын және өзге де келушілерге қолайсыздық туғызбауын сұрайды. Сонымен қатар аталған жағдайға түсіністікпен қарап, көліктерін біздің әуежай тұрағына сеніп қалдырып жатқан жолаушыларға өз алғысымызды білдіреміз".Астана халықаралық әуежайы
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript