Мобильді аударымдар: 255 мың теңгеден асатын сома тексеруге негіз бола алады
Бұл туралы депутат сауалына жауап берген премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.
"Қауіп критерийлерін мынадай редакцияда өзгерту туралы ұсыныс қаралып жатыр: "Бір жеке тұлғаның банк шотына келесі үш ай ішінде жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан асатын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан ай сайын ақшалай қаражат түсуі (01.01.2024 ж. 255 000 теңге", - делінген министрдің жауабында.
Сонымен қатар Қазақстан халқының қолма-қол ақшасыз операциялары кейінгі үш жылда төрт есе өсіп, 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 127,4 трлн теңге болғаны хабарланды. (2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,8%, 2021 жылмен салыстырғанда 95,8%, 2020 жылмен салыстырғанда 4 есе өсті).
"2023 жылдың 11 айында азаматтардың төлем карточкаларын пайдаланатын аударымдарының көлемі 24,2% өсіп, 72,3 трлн теңге болды. Жалпы 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында халық төлем карточкаларын пайдалана отырып, тауарлар мен қызметтерге 2,9 млрд төлем жасады. 48,5 трлн теңге болды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштерден 2 есе жоғары", - деді Қаржы министрі.
Оның айтуынша, 2023 жылы бөлшек сауда айналымындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің жалпы үлесі 86% болған. Жалпы тұрғындардың QR төлемдерін белсенді қолдануы байқалады. 2023 жылдың сәуір-қазан айларында QR көмегімен 1,2 млрд транзакция жасалды.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Асқар Садықов 17 қаңтарда Қаржы министріне 1 қаңтардан бастап енгізілген мобильді аударымдарды фискалдық бақылауға қатысты сауал жолдаған еді. Ол көптеген қазақстандық кәсіпкерлердің күнкөрісін әрең көріп отырғанын атап өтті.