Мобильді аударымдар: салық органдарына қандай мәлімет беріледі және қандай шаралар қабылданады

Мобильные денежные переводы, мобильные переводы, мобильный перевод, переводы денег, перевод денег, денежные переводы, денежный перевод,  безналичный перевод, безналичные переводы, сурет - Zakon.kz жаңалық 04.05.2026 15:28 Фото: Zakon.kz
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына қатысты банктер қандай жағдайларда мәліметті салық органдарына беретінін және қандай шаралар қолданылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Банктер мобильді аударымдар туралы мәліметті қандай жағдайда салық органдарына береді?

Қазақстан Республикасының Салық кодексі 55-бабы 2-тармағының 24-тармақшасына сәйкес, банк ұйымдары жеке тұлғаның шотына басқа жеке тұлғалардан түскен ақша қаражаты туралы мәліметті, егер кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері байқалса, мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады.

Мәліметтер тек Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы №698 бұйрығымен бекітілген критерийлер бір уақытта орындалған жағдайда ғана беріледі.

Атап айтқанда, егер жеке тұлға кәсіпкерлік қызметке арналмаған банктік шотына қатарынан үш ай ішінде әр айда 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша алса және жалпы түскен сома ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асып кетсе, мұндай деректер екінші деңгейлі банктер арқылы мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда мәліметтер салық органдарына беріле ме?

Салық органдарына мәліметтер белгіленген критерийлерге сәйкес келетін барлық жеке тұлғалар бойынша беріледі, бұл олардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан жүзеге асырылады.

Бұл бақылау банктік шотқа түскен ақша қаражаттарын ескеруге негізделген, яғни кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған шотқа түскен қаражат есепке алынады.

Банктерден ақпарат алынғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары қандай әрекет жасайды?

Екінші деңгейлі банктерден мәліметтер алынғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары екі кезең бойынша іс-шаралар жүргізеді.

Бірінші кезең – салық төлеушіні хабардар ету.

Қазақстан Республикасының Салық кодексі 93-бабына сәйкес, салық органдары салық төлеушіні табыс алу белгілерінің бар екені туралы хабардар етеді.

Ол үшін салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Бұл хабарлама тек ескерту сипатында болады және оған жауап беру талап етілмейді.

Екінші кезең – бақылау шаралары.

Кейіннен негіз болған жағдайда мемлекеттік кірістер органдары Салық кодексінде көзделген тәртіппен камералдық бақылау жүргізеді.

Камералдық бақылау нәтижесінде сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, Салық кодексінің 137-бабына сәйкес салық төлеушіге хабарлама жіберіледі.

Бұл хабарламаны орындау ол тапсырылған күннен кейінгі келесі күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Камералдық бақылау нәтижесінде жіберілген хабарлама бойынша салық төлеуші қандай әрекет жасауы тиіс?

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мәліметінше, бастапқы хабарлама тек ақпараттық сипатта болады және оған жауап беру міндетті емес.

Жеке тұлға салықтық міндеттемелерді орындау қажеттілігі туралы шешімді өзі қабылдайды.

Ал Қазақстан Республикасының Салық кодексі 137-бабына сәйкес жіберілген хабарлама жағдайында салық төлеуші белгіленген мерзімде келесі әрекеттердің бірін орындауға міндетті:

  • егер анықталған сәйкессіздіктермен келіссе, салықтық есептілікті тапсыру арқылы бұзушылықтарды жою;
  • егер келіспесе, сәйкессіздіктердің себебін көрсетіп, қажет болған жағдайда растайтын құжаттар қоса берілген жазбаша түсініктеме ұсыну.

Егер түсініктеме берілмесе немесе ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын растау қажет болса, салық органы салықтық тексеру жүргізуге құқылы.

Мобильді аударымдарға салық салына ма?

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мәліметінше, мобильді аударымдардың өзі салық салу объектісі болып табылмайды. Қазақстан Республикасының Салық кодексі нормаларына сәйкес, салық жеке тұлғаның табысына салынады.

Егер аударым табыс ретінде қарастырылса (мысалы, тауар немесе қызмет үшін төлем), онда ол салық салуға жатады.

Мобильді аударымдар кәсіпкерлік қызмет деп танылатын жағдайлар

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 2-бабының 1-тармағына сәйкес, кәсіпкерлік – азаматтардың тауар сату, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету арқылы таза табыс табуға бағытталған дербес және бастамашыл қызметі.

Егер мобильді аударымдар жүйелі түрде түсіп, тауар, жұмыс немесе қызмет үшін төлеммен байланысты болса, мұндай түсімдер кәсіпкерлік қызметтен алынған табыс ретінде танылуы мүмкін.

Тіркеусіз кәсіпкерлік қызмет үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 463-бабына сәйкес, егер бұл әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқпайтын болса, тіркеусіз кәсіпкерлікпен айналысу жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Егер мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Салық органдары аударымдарды қалай іріктейді?

Аударымдарды іріктеу және бекітілген критерийлерге сәйкестігін анықтау Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі бұйрығымен белгіленген талаптарға сәйкес екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады.

Егер мына екі шарт бір уақытта орындалса, банктер тиісті мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына береді:

  • үш қатарынан келетін күнтізбелік ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түсуі;
  • түскен жалпы соманың 1 020 000 теңгеден асуы.

Туыстар арасындағы аударымдарға салық салына ма?

Жоқ, салынбайды. Мұндай түсімдер жеке тұлғаның өзі салық төлейтін табыс түрлерінің қатарына кірмейді.

Туған күн, той немесе сыйлық үшін ақша аударылса ше?

Мұндай аударымдар сыйға беру (дарение) ретінде қарастырылады және жеке сипаттағы қаражат болып табылады. Олар салық салынатын табысқа жатпайды.

Ата-аналар балабақша немесе мектепке ақша жинаса ше?

Мұндай түсімдер бірлескен шығындар (ортақ жинау) болып есептеледі және табыс ретінде танылмайды.

Қазақстан Республикасының Салық кодексі 405-бабына (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы редакция) сәйкес, мұндай сомалар жеке тұлғаның салық салынатын табысына жатпайды.

Жеке аударымдарды декларациялау керек пе?

Салық кодексінің 405-бабына сәйкес, жеке аударымдар жеке тұлғаның өзі салық төлейтін табыс түріне жатпайды, сондықтан оларды міндетті түрде декларациялау талап етілмейді.

Салық автоматты түрде есептеле ме?

Жоқ. Салық органдары алдымен талдау жүргізеді және негіз болған жағдайда Қазақстан Республикасының Салық кодексі 137-бабына сәйкес камералдық бақылау шеңберінде хабарлама жібереді.

Жеке шотты бизнес үшін пайдалануға бола ма?

Жоқ. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 27-бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлер өз қызметін жүргізу үшін банкте есеп айырысу шотын ашуға міндетті.

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жеке шот ашу кезінде жеке тұлға оның кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылмайтынын жазбаша түрде растауы тиіс деген талап енгізді.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Салық кодексі 110-бабына сәйкес, тауарлар мен қызметтер үшін кез келген есеп айырысу (қолма-қол, карта немесе мобильді аударым арқылы) міндетті түрде бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) немесе арнайы мобильді қосымшаны қолдану арқылы жүргізілуі тиіс.

Егер БКМ қолданылмаса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 284-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған — ескерту беруден бастап қайталанған жағдайда 15 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Егер маған тұрақты түрде балаларымнан, бауырларымнан немесе әпке-қарындастарымнан ақша түсіп тұрса, оған салық салына ма?

Жоқ, мұндай түсімдерге салық салынбайды, себебі олар жеке (отбасылық) сипаттағы аударымдар болып саналады және кәсіпкерлік қызметтен түскен табысқа жатпайды.

Сонымен қатар талдау жүргізу кезінде іріктеу критерийлерінің бірі — 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түсуі болып табылады.

Осыған байланысты отбасы мүшелерінен (шектеулі адамдар шеңберінен) келетін аударымдар аталған критерийлерге кірмейді және кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылмайды.

Егер мобильді аударымдар талдауы нәтижесінде маған хабарлама жіберілсе, ол қайда түседі?

Хабарлама салық төлеушінің жеке кабинетіне жолданады. Сонымен қатар Egov.kz жүйесі арқылы салық төлеушінің жеке кабинетіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарлама жіберілгені туралы ескерту (уведомление) келеді.

Хабарлама түскен жағдайда салық органдарына жеке бару қажет пе?

Жоқ, жеке бару талап етілмейді. Хабарламаға жауапты салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы электронды түрде беруге болады. Жауап электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қойылады және заңды күші бар.

Хабарламаны орындау мерзімі қандай?

Қазақстан Республикасының Салық кодексі бойынша хабарламаны орындау мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды.

Осы мерзім ішінде салық төлеуші түсініктеме ұсынуы немесе тиісті салық міндеттемелері болған жағдайда салықтық есептілікті (декларацияны) тапсыруы тиіс.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: