Қазақстан экономикасы 5,8%-ға өсті - алайда сарапшылар қуануға әлі ерте деп отыр

2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстанның экономикасы ішкі белсенділік есебінен оң серпін көрсетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, қаңтар-ақпан айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор (КЭИ) 107,3%-ды құрады, ал ақпанда бұл көрсеткіш 110,3%-ға жетті.
Бұл өсім негізінен Көлік және қойма, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі есебінен болды.
Өнеркәсіптің өңдеу саласында машина жасау (+17,7%), тамақ өнімдерін өндіру (+13,2%) және дайын металл бұйымдарын өндіру (+28,7%) сияқты секторларда айтарлықтай өсім байқалды. Тау-кен өндіру өнеркәсібі де 6,1%-ға өсті.
Құрылыс саласында мектептер, автомобиль және теміржол жолдары, инженерлік инфрақұрылым құрылысы көлемінің ұлғаюы есебінен оң динамика байқалды. Құрылыс жұмыстарының көлемі қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға артты.
Алайда сыртқы сауда көрсеткіштері алаңдаушылық тудырады.
2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 0,3%-ға ғана өсті. Импорт 2,9%-ға қысқарса, экспорт 2,8%-ға артты. Бұл сыртқы нарықтардағы сұраныстың әлсіреуін және сауда серіктестерімен қарым-қатынастардағы қиындықтарды көрсетеді.
Қазақстандағы инвестициялық белсенділік жанданып келеді. 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3 067,9 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3%-ға артты.
Қазақстандағы инфляция деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы тұтыну бағалары индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,1%-ды, ал ақпан айында 2024 жылдың ақпанымен салыстырғанда 109,4%-ды құрады. Өнеркәсіптік өнім өндіруші кәсіпорындар бағаларының индексі де қаңтар-ақпанда 109,1%-ға жетті.
2025 жылдың алғашқы екі айында өнеркәсіп өндірісі көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,9%-ға артты. Ал барлық көлік түрлері бойынша жүк тасымалдау көлемі 18,8%-ға өсті.
Осылайша, Қазақстан экономикасы 2025 жылдың басында негізінен ішкі ресурстарға сүйене отырып, өсім көрсетуде, дейді экономист Руслан Сұлтанов.
"Құрылыс, көлік, бюджеттік жобалар – бұл стратегия емес, бұл уақытша отын. Бұл жаңа экспорттық база мен сыртқы сұраныстың ауқымды ағынынсыз орын алған өсім. Экономика жұмыс істеп жатыр, бірақ әлі де табыс әкелмей отыр", – деп атап өтті Сұлтанов.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің ресми болжамына сәйкес, 2025 жылы Қазақстан экономикасының нақты өсуі 5,6%-ды құрауы тиіс, ал алдағы бес жылда ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 5,4% деңгейінде болады деп күтілуде.
Бұған дейін 16 сәуірдегі саудада доллар тағы көтерілгендігі хабарланған болатын.