Осы аптада 1 АҚШ доллары қанша тұрады? Сарапшылар өз болжамымен бөлісті

Дүйсенбіде, яғни 12 мамырда қор биржасындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша 1 АҚШ долларының орташа бағамы 513,74 теңгені құрап, құны тағы 2,3 теңгеге төмендеді.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының аға сарапшысы Алмат Орақбай ұзақ демалыс күндерінен кейін Қазақстанның валюта нарығында 12 мамырда таңертең АҚШ доллары бағамының шамалы өсуі байқалғанын, алайда күн қорытындысында, керісінше төмендегенін айтады. Ол мұндай қимыл ұзақ демалыс күндерінен кейін нарық қатысушыларының жаңа ақпаратқа бейімделіп, өтімділікті қалпына келтіруге тырысуда жиі кездесетінін де нақтылады.
Бұл ретте таяу күндері USD/KZT бағамына әсер ететін негізгі факторлар сыртқы экономикалық конъюнктура болып қала береді: бұл, ең алдымен мұнай бағасы, сондай-ақ АҚШ ФРЖ-ның іс-әрекеттері мен риторикасы.
"Ағымдағы жағдайда базалық сценарий бойынша 1 АҚШ долларының бағамы 510-520 теңге шегінде қозғалады. Сыртқы нарықтарда және мұнайдың тұрақты бағамына қатысты күрт өзгерістер болмаған жағдайда, осы деңгейден айтарлықтай ауытқулар күтілмейді. Нарық қатысушылары бейқам, яғни олар девальвациялық қауіп-қатерден қорғану деген сынды сақтық шараларына барып жатқан жоқ". Алмат Орақбай
Сонымен қатар, егер ФРЖ саясатында жоспардан тыс елеулі өзгерістер немесе сыртқы күйзелістер болмаса, онда осы аптада 1 АҚШ доллары бағамының 520 теңгеден асуын байқататын іргелі негіздер байқалмайды, деп нақтылайды ҚҚҚ сарапшысы.
Сарапшы Жаннұр Әшіғали ағымдағы аптада теңге бағамын қалыптастырушы базалық факторлар өзгеріссіз қалып отырғанын атап өтті. Бұл - мұнай конъюнктурасы, Қазақстандағы көмірсутектер өндірісінің көлемі және экспорт көлемі бойынша күтілетін көлемдер мен нақты көрсеткіштер. Ішкі факторлардың ішінде валюта нарығында негізінен мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар құрылымдарының шетел валютасы бойынша ұсынысының көлемі маңызды мәнге ие.
Бұл ретте сарапшы 1 АҚШ долларының бағамы 520 теңгеге дейін баруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда, ол бұл цифр ағымдағы бағамдық тербелістердің дәлізіне сәйкес келетінін атап өтті.