Қазақстандықтардың несие алуы азайды: кепілсіз қарыздардың өсімі екі есеге баяулады

Кредит, кредитование, займ, долг, ипотека, автокредит, автокредитование , сурет - Zakon.kz жаңалық 25.11.2025 09:23 Фото: freepik
Қазақстанда несиені көбіне 31–45 жас аралығындағы азаматтар рәсімдейді. Алайда 2025 жылы кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсімі 22,5%-дан 12,7%-ға дейін баяулаған. Мұндай мәліметтерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Zakon.kz сұрауына жауап берген агенттік өкілдері 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша банктердің кепілсіз тауарлық тұтынушылық қарыздарының құрылымында 35,1%-ы тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсаттарына — құрылыс материалдарын, жиһаз сатып алуды қоса алғанда — бағытталатынын айтты.

Ірі тұрмыстық техника сатып алуға 10,3%, бизнес мақсаттарына – 8,3%, автокөлікке қажетті тауарларға, соның ішінде шиналар, қосалқы бөлшектер мен аксессуарларға – 8,2% тиесілі.

"Киім мен аяқ киім сатып алуға 4,3%, ал сұлулық пен денсаулыққа арналған тауарларға, оның ішінде медикаменттерге – 3,6% келеді", – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.

Ең көп несие рәсімдейтіндер – Алматы қаласының тұрғындары (31%) және Астана тұрғындары (11%).

"Жасына қарай алушылар динамикасына тоқталсақ, 31–45 жас аралығындағы азаматтардың несиелері банктердің тұтынушылық кредиттер портфелінің 46%-ын құрайды. 46–62 жас арасындағы қазақстандықтар – 30%, 22–30 жас тобы – 18%, 63 жастан асқандар – 4%, ал 21 жасқа дейінгілер – 1%", – деді ведомство өкілдері.

2025 жылғы 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша банктердің тұтынушылық кредиттер портфелі 16,2 трлн теңгені құраған. Соның ішінде 71%-ы немесе 11,5 трлн теңгесі – кепілсіз тұтынушылық несиелер.

Сонымен қатар қазақстандықтардың несие алу белсенділігі азайғаны атап өтілді.

"2025 жылдың 9 айында кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,5%-дан 12,7%-ға дейін баяулаған. Автонесиелер портфельдің 23%-ын немесе 3,8 трлн теңгені алып отыр. 2025 жылдың 9 айында автонесиелердің өсімі 35,0% болды (2024 жылдың 9 айында – 35,1%). Кепілді тұтынушылық несиелердің үлесі 6% немесе 967 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бергі өсім – 22% (2024 жылдың 9 айында өсім – 21%). 90 күннен астам кешіктірілген несиелердің үлесі 6% немесе 971 млрд теңге болды", – деп мәлімдеді Агенттік баспасөз қызметі.

21 қарашада хабарланғандай, 2025 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша ҚР банктері қарыз алушыларға қойылатын талаптарды айтарлықтай қатаңдатқан. Бұл негізгі тұтынушылық өнімдер бойынша мақұлдау коэффициенттерінің едәуір төмендеуіне әкелді. Қазақстанның Ұлттық банкі кепілдік қамтамасыз етілген қарыздар сегментінде мақұлдау деңгейі 23 пайыздық тармаққа төмендегенін тіркеді. Бұл – банктердің басымдықтары өзгергенінің тікелей белгісі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: