ЖТС мөлшерлемелері, мүгедектігі бар адамдарға арналған жеңілдіктер: жаңа Салық кодексінде не қарастырылған
Фото: pexels
Жеке табыс салығының (ЖТС) мөлшерлемелері. Жаңа Салық кодексінде не қарастырылған?
Жаңа Салық кодексінде жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі енгізілді.
Жұмысшының жылдық табысы 8 500 АЕК-тен (2026 жылы 33,4 млн теңге) асқан жағдайда ЖТС мөлшерлемесі 15% болады.
Дивидендтер түріндегі табыс бойынша 230 000 АЕК-ке дейін – 5%, осы шектен асқан жағдайда салық сомасы 230 000 АЕК мөлшеріндегі салыққа қосымша артық сомадан 15% есептеледі.
Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын жеке кәсіпкерлердің табыстары бойынша:
- 230 000 АЕК-ке дейін – 10%,
- осы шектен асқан жағдайда – 23 000 АЕК мөлшеріндегі салыққа қосымша артық сомадан 15%.
- Жеке практикамен айналысатын тұлғалардың табыстары бойынша – 9%.
- Өзіндік өндірістегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өткізу немесе қайта өңдеу бойынша шаруа немесе фермер қожалықтарының табыстары – 3% (бұған дейін ЖТС 70%-ға азайтылатын).
Мүгедектігі бар адамдар үшін ЖТС бойынша қандай салықтық жеңілдіктер қарастырылған?
Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 5 000 АЕК мөлшерінде әлеуметтік салықтық шегерім қарастырылған.
Мүгедектігі бар адамдардың өзге санаттары үшін (үшінші топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, мүгедектігі бар балалар, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі, қамқоршысы немесе қорғаншысы (18 жасқа толғанға дейін), "балалық шақтан мүгедектігі бар тұлға" деп танылған адамның ата-анасының бірі, қамқоршысы немесе қорғаншысы) жылына 882 АЕК (3 814 650 теңге) мөлшеріндегі салықтық шегерім сақталады.
Ипотека, оқу және асырауындағы адамдар бойынша қандай шегерімдер сақталады?
Салық кодексінің 401-бабының 1-тармағына сәйкес жеке тұлғаның келесі жеке салықтық шегерімдерді қолдануға құқығы бар:
- әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық шегерім;
- базалық салықтық шегерім;
- әлеуметтік салықтық шегерімдер.
Салық кодексінің 402, 403 және 404-баптарына сәйкес салықтық шегерімдерге мыналар жатады:
- міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша әлеуметтік аударымдар түріндегі әлеуметтік төлемдерге салықтық шегерім;
- 30 АЕК мөлшеріндегі базалық шегерім.
Әлеуметтік салықтық шегерімдер келесі тұлғаларға қолданылады:
- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 5 000 АЕК;
- үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- мүгедектігі бар балаларға;
- Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және оларға теңестірілген тұлғаларға;
- Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда адал еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендері мен медальдарымен марапатталған тұлғаларға;
- 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай жұмыс істеген немесе қызмет атқарған тұлғаларға – 882 АЕК;
- мүгедектігі бар баланың, "балалық шақтан мүгедектігі бар тұлғаның" ата-анасының бірі, асырап алушысы, қамқоршысы немесе қорғаншысы – 882 АЕК.
Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап сыйақылар бойынша, оқуға арналған, көпбалалы отбасыларға арналған салықтық шегерімдер қарастырылмайды.
Сонымен бірге, 30 АЕК мөлшеріндегі базалық шегерім енгізілді және жеке тұлғалардан салықтық шегерімдерді растайтын құжаттарды жинау, сақтау, сондай-ақ табыстар мен мүлік туралы декларацияны жыл сайын тапсыру міндеті алынып тасталды.
2026 жылы әлеуметтік салық мөлшерлемесі өзгерді ме?
Әлеуметтік салық 6% мөлшерлеме бойынша есептеледі.
Бұл ретте, өзіндік өндірістегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өткізу және қайта өңдеу қызметін жүзеге асыратын субъектілер үшін әлеуметтік салық 1,8% мөлшерлеме бойынша есептеледі.
Әлеуметтік салық төлеуші болып табылатын жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар (осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда) әлеуметтік салықты:
- өзі үшін – төлем жасалған күнгі 2 АЕК мөлшерінде;
- әрбір қызметкері үшін – 1 АЕК мөлшерінде есептейді.
Шаруа немесе фермер қожалықтары қызметке байланысты салық салу объектілері бойынша әлеуметтік салықты:
- өзі үшін – 0,6 АЕК;
- әрбір қызметкері үшін – төлем жасалған күнгі 0,3 АЕК мөлшерінде есептейді.
Бұған дейін 2026 жылы бизнес нені ескеруі керек екенін жазғанбыз.