Қазақстанда 2025 жылы жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарымен не болды
Фото: Zakon.kz
Белгілі болғандай, Қазақстанда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізілді. Бұл жарналар жұмыс берушілердің өз қаражаты есебінен қызметкерлерінің пайдасына төленеді.
ЖМЗЖ мөлшерлемесі:
2024 жылы – 1,5%
2025 жылы – 2,5%
2026 жылы – 3,5%
Ал 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 5%-ға дейін жеткізіледі.
ЕХӘҚМ атап өткендей, жұмыс берушілер тарапынан ЖМЗЖ аударылуы қызметкерлерді қартайған шағында өмір бойы төленетін қосымша жинақтаушы зейнетақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Бұл шара қазақстандық жастарды қолдауға бағытталған. Олардың болашақ зейнетақы мөлшері тікелей зейнетақы аударымдарына байланысты болады. Зейнетақы үш құрамдас бөліктен тұрады: мемлекеттен төленетін базалық зейнетақы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз жарналары есебінен қалыптасатын жинақтаушы зейнетақы және жұмыс берушілердің жарналары есебінен қалыптасатын шартты-жинақтаушы зейнетақы", – делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кету керек, ЖМЗЖ тек 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған азаматтар үшін ғана төленеді.
"Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, жұмыс берушілердің ЖМЗЖ төлеуге жұмсаған шығындары салық салынатын табыстан шегерімдерге жатқызылады. Осыған байланысты жұмыс берушілерге түсетін жүктеме қолайлы деңгейде сақталады", – деп хабарлады ЕХӘҚМ.
Бұған дейін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 10%-ға арттырылғаны хабарланған болатын.
Осылайша, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені құрайды, бұл – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы. Ал ең жоғары мөлшері 110%-дан 118%-ға дейін ұлғайтылып, 60 005 теңгеге жетті.