"Халық бухгалтері": 26 мыңнан астам қазақстандық тегін кеңес алды

"Халық бухгалтері": 26 мыңнан астам қазақстандық тегін кеңес алды, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.02.2026 11:55 Сурет: Zakon.kz
Қазақстанда кәсіпкерлерді қолдауға арналған "Халық бухгалтері" республикалық әлеуметтік акциясы жалғасып жатыр. Жоба бухгалтерлік және салықтық есепті жүргізу сапасын арттыруға бағытталған. Тегін кеңесті қалай алуға болады және мамандарға қандай сұрақтар жиі қойылады, толығырақ ақпаратта.

Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі кәсіби бухгалтерлер ұйымдарымен бірлесіп, 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап "Халық бухгалтері" акциясы аясында кеңес беруді бастады.

Негізгі формат – облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы мемлекеттік кірістер басқармалары базасында офлайн қабылдау жүргізу.

Ақпан айының соңына дейін консультациялар аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өтеді. 2026 жылғы наурыздан бастап аптасына екі рет ұйымдастырылады. Қабылдау мекенжайларын арнайы сілтеме арқылы білуге болады.

Қаңтар айына кәсіби бухгалтерлер ұйымдары тарапынан 120-дан астам кәсіби бухгалтер тартылған. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті, облыстық және қалалық департаменттер мен басқармалар тарапынан жауапты қызметкерлер бекітілген.

Акция басталғалы бері:

  • 26,6 мыңнан астам салық төлеушіге кеңес берілді;
  • сарапшылармен 204-тен астам сұхбат жазылды;
  • БАҚ-та, теледидарда, радиода және әлеуметтік желілерде 3 мыңнан астам жарияланым шықты;
  • 272 бейнепікір жиналды (оның 182-сі блогерлер мен инфлюенсерлерден);
  • 667 "ашық есік күні" өткізілді.
"Тікелей диалог форматы өзін тиімді қолдау құралы ретінде көрсетті. Кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік, ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу бойынша өзекті сұрақтарына нақты түсіндірме алады. Сондай-ақ оңтайлы салық режимін таңдау, өтпелі кезеңдегі өзгерістерге бейімделу бойынша қадамдық нұсқаулықтар беріледі",- деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Кеңес алушылар көбіне ең тиімді салық режимін таңдау, арнайы салық режимдері кезіндегі жеңілдіктер мен шегерімде, электронды шот-фактура жазу тәртібі, ҚҚС шекті мөлшері, арнайы және жалпыға бірдей салық режимдері кезінде ҚҚС бойынша есепке қою және есептен шығару, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін рұқсат етілген қызмет түрлері сияқты мәселелерге қатысты сұрақтар қояды.

"Халық бухгалтері" акциясы 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады. Іс-шара туралы толық әрі жан-жақты ақпарат алу үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде арнайы сайт іске қосылған.

"Кәсіпкерлер мен азаматтарды тегін кәсіби кеңес алу мүмкіндігін пайдаланып, салықтық сауаттылығын арттыруға шақырамыз",- деп үндеу жасады мамандар.

Айта кетейік, "Халық бухгалтері" акциясын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Zakon.kz желілік басылымы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: