Мұнай бағасы күрт өсті: әлем Таяу Шығыста жаңа соғыс басталуы мүмкін деп алаңдауда
Фото: freepik
Мұнай бағасына әскери жағдай әсер етіп отыр
Жақында ғана мұнай нарығы біртіндеп тұрақталып келе жатқандай көрінген еді. Таяу Шығыстағы қақтығыстың белсенді кезеңі аяқталғаннан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 70 долларға дейін төмендеп, қақтығысқа дейінгі деңгейге жақындаған болатын.
Алайда АҚШ пен Иран арасындағы жағдайдың қайта шиеленісуі нарықтағы ахуалды өзгертті. Иран аумағындағы нысандарға жаңа соққылар жасалғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін инвесторлар мұнай жеткізіліміне қауіп төнуі мүмкін екенін ескеріп, бағаға осы тәуекелдерді енгізе бастады.
Бағаның өсуіне тағы бір себеп – Ормуз бұғазы маңындағы коммерциялық кемелерге жасалған шабуылдар болды. Reuters агенттігінің мәліметінше, Бірлескен теңіз ақпараттық орталығының (Joint Maritime Information Center) бағалауынша, бірнеше шабуылдан кейін Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына төнетін қауіп әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Ормуз бұғазының маңызы өте зор. Себебі дәл осы бағыт арқылы әлемдегі теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен бестен бірі өтеді. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген қауіп әлемдік мұнай бағасына бірден әсер етеді.
Парсы шығанағы елдері мұнай өндіруді арттырып жатыр
Парсы шығанағындағы мұнай экспорттайтын ірі мемлекеттер мұнай жеткізілімі қысқаруы мүмкін деген қауіптің орнын толтыру үшін өндіріс көлемін ұлғайтып жатыр. Алайда бұл әзірге мұнай бағасының өсуін тоқтата алған жоқ.
Мұнай нарығының сарапшысы Олжас Байділдиновтің айтуынша, мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері маусым айында тәулігіне шамамен 3,7 миллион баррель мұнай экспорттаған. Бұл – ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Ал қақтығыс басталғанға дейін экспорт көлемі тәулігіне 3,1–3,3 миллион баррель шамасында болған.
Сарапшының пікірінше, мұнай бағасы жақын арада қайтадан 60 доллар деңгейіне түседі деп күтуге әлі ерте.
"Жағдай толық тұрақтанғаннан кейін мұнай бағасы теориялық тұрғыдан барреліне 60–65 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Бірақ бұл, ең ықтимал жағдайда, тек жыл соңына қарай жүзеге асады", – дейді Олжас Байділдинов.
Сарапшылар нені болжап отыр?
Нарықтың болашағына ANZ Bank сарапшылары сақтықпен қарайды. Азия-Тынық мұхиты аймағындағы шикізат және энергетика нарығында белсенді жұмыс істейтін бұл халықаралық қаржы ұйымының пікірінше, қазіргі басты мәселе – шиеленістің болуы емес, оның қанша уақытқа созылатыны.
Банк сарапшысы Рушни Наирдің жазуынша, егер Таяу Шығыстағы жағдай ұзақ уақыт тұрақталмаса, Парсы шығанағы елдерінің мұнай экспортын толық қалпына келтіруі тағы да кешеуілдеуі мүмкін.
Сонымен қатар сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасының жоғары болуына мына факторлар да әсер етуі ықтимал:
- Ресейдің дизель отынын экспорттауға енгізген шектеулерді ұзартуы;
- АҚШ-та бензин мен дизель қорының азаюы;
- жанармайға деген тұрақты сұраныстың сақталуы.
Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?
Қазақстан үшін әлемдік мұнай бағасының өсуі оң және теріс әсерді қатар алып келеді.
Бір жағынан, мұнайдың қымбаттауы еліміздің экспорттық табысын арттырып, мемлекеттік бюджетке түсетін кірісті көбейтуі мүмкін.
Екінші жағынан, егер мұнай бағасы ұзақ уақыт жоғары деңгейде сақталса, бұл әлемдік инфляцияның күшеюіне себеп болуы ықтимал. Соның салдарынан жанармай мен жүк тасымалы қымбаттап, оның әсері Қазақстан экономикасына да сезілуі мүмкін.
Қазіргі таңда мұнай нарығындағы жағдай көбіне геосаяси оқиғаларға тәуелді болып отыр. Сондықтан Ормуз бұғазы төңірегіндегі ахуал толық тұрақталғанға дейін мұнай бағасының қалай өзгеретіні негізінен Таяу Шығыстан келетін жаңалықтарға байланысты болады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов әлемдік мұнай бағасының қымбаттауының елімізге оң әсері бірден байқалмайтынын айтқан болатын. Оның сөзінше, бұл нәтиже шамамен алты айдан кейін сезіледі. Себебі мұнайды сату келісімшарттары көбіне күнделікті (спот) бағамен емес, ұзақ мерзімді келісімдер негізінде жасалады. Сондықтан мұндай өзгерістердің экономикаға әсер етуі белгілі бір уақытты талап етеді.
