Мүлікті сатқаннан кейін түсетін ақшадан қалай табыс табуға болады
Фото: Zakon.kz
Қаржылық тұрғыдан қай шешім тиімді екенін Zakon.kz тілшісі саралап көрді.
Банктік депозиттер
Тәуекелге барғысы келмейтіндер үшін депозит – ең түсінікті қаржы құралдарының бірі. Ол алдын ала белгілі табыс алуға мүмкіндік береді. Сенімді банкті таңдаған жағдайда қаражатты жоғалту қаупі де өте төмен.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің жоғары болуы теңгедегі депозиттердің тартымдылығын арттырып отыр. Қаржы реттеушісінің мәліметінше, 2025 жылдың соңында жеке тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа табыстылық жылына шамамен 14–15 пайызды құраған.
Депозиттің негізгі үш артықшылығы бар:
- инвестициялық тәуекелдің төмен болуы;
- табыстың алдын ала белгілі болуы;
- қаражатты әртүрлі мерзімге орналастыру мүмкіндігі.
Экономист Бақытберген Тоқтасыновтың айтуынша, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесіне сәйкес елімізде депозиттің үш түрі бар: жинақ депозиті; мерзімсіз депозит; мерзімді депозит.
"Жинақ депозитінің қолайсыз тұсы – оның иесі ақшаны толық немесе ішінара ала алмайды. Егер мерзімінен бұрын шешіп алса, сыйақысынан айырылуы мүмкін, ал кейбір жағдайда банкке комиссия төлеуге міндеттеледі. Мерзімсіз депозитті толықтырып отыруға болады. Сонымен қатар белгіленген ең төменгі қалдық сақталған жағдайда ақшаны кез келген уақытта шешіп алуға рұқсат етіледі. Ал мерзімді депозиттен ақшаны толық немесе ішінара алуға болады, бірақ бұл жағдайда сыйақының бір бөлігін жоғалтады", – деп түсіндірді экономист.
Мамандардың айтуынша, депозиттің артықшылықтары көп болғанымен, оны қаражат жинаудың әмбебап тәсілі деп санауға болмайды. Егер инфляция мөлшерлемеден жоғары болса, нақты табыс өте аз болады немесе мүлде теріс көрсеткішке айналуы мүмкін.
Бағалы қағаздар және қор нарығы
Ірі компаниялардың акциялары, мемлекеттік және корпоративтік облигациялар, сондай-ақ ETF (биржалық инвестициялық қорлар) ұзақ мерзімде жоғары табыс әкелуі мүмкін. Алайда мұндай инвестициялар нарықтық тәуекелмен байланысты болғандықтан, қаржылық сауаттылықты немесе кәсіби инвестициялық кеңесшінің көмегін қажет етеді.
Қазақстандағы ETF (Exchange Traded Fund) – бұл KASE және AIX биржаларында жергілікті брокерлер арқылы сатып алуға болатын дайын бағалы қағаздар жиынтығы. Бұрын акцияларға инвестиция салу тек аз ғана адамдарға қолжетімді болса, қазір брокерлік шотты мобильді қосымша арқылы бірнеше минутта ашуға болады.
"Жоғары табыс табу мүмкіндігі әрдайым жоғары тәуекелмен қатар жүреді. Акциялардың бағасы, әсіресе қысқа мерзімде, қатты өзгеруі мүмкін. Мұны қысқа уақыт ішінде ешқандай тәуекелсіз үлкен табыс тапқысы келетін адамдар міндетті түрде ескеруі керек", – дейді экономист.
Бағалы металдар
Алтын мен күміс бұрыннан бері экономикалық тұрақсыздық кезінде ең сенімді активтердің бірі саналады. Бағалы металдар ұзақ мерзімде капиталды сақтауға көмектеседі. Бірақ депозит сияқты тұрақты табыс әкелмейді.
Мамандардың айтуынша, алтын мен күміске ұзақ мерзімге инвестиция салған дұрыс. Мысалы, қазір 100 мың теңгеге алтын сатып алсаңыз, 10 жылдан кейін дәл сол көлемді шамамен 1 миллион теңгеге сатуға мүмкіндік болуы мүмкін.
Өз бизнесіңізді ашу
Мүлікті сатудан түскен ақша жеке кәсіп ашуға немесе қолданыстағы бизнесті кеңейтуге бастапқы капитал бола алады. Егер жоба сәтті жүзеге асса, оның табыстылығы банк депозитінің пайызынан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Алайда кәсіпкерлік әрдайым тәуекелмен байланысты. Сондықтан бизнесті бастамас бұрын мұқият дайындалып, нарықты зерттеп, қаржылық жоспар жасау қажет.
Алдын ала бастапқы шығындарды, ғимаратты жалға алу ақысын, қызметкерлердің жалақысын, салықтарды, сондай-ақ күтілген табыс болмай қалған жағдайда кемінде алты айлық қаржылық қорды есептеп қойған жөн.
Жылжымайтын мүлік
Қомақты қаражаты бар адамдардың бір бөлігі ақшасын қайтадан жылжымайтын мүлікке салуды жөн көреді.
Пәтерді жалға беру үшін сатып алу, коммерциялық нысан немесе жер телімін алу тұрақты табыс әкеліп, болашақта мүлік құнының өсуіне мүмкіндік береді. Алайда бұл жерде де мүлікті күтіп ұстау шығындарын, салықтарды, жалға алушы болмайтын кезеңдерді ескеру қажет.
Инвесторлар көбіне мынадай нысандарға назар аударады:
- коммерциялық жылжымайтын мүлік (мысалы, кеңселер);
- қоймалар;
- қызмет көрсету бизнесіне арналған ғимараттар (шеберханалар);
- туристік қалалардағы апартаменттер;
- қарқынды дамып жатқан аудандардағы жер телімдері.
Нысанды таңдағанда тек сатып алу бағасын ғана емес, жөндеу, күтіп ұстау, салық төлеу және жалға алушылар ауысқан кездегі бос тұратын уақытты да есепке алу қажет.
Ірі қалаларда кей жағдайда автотұрақ иелері пәтер мен үйді жалға берушілерден де көп табыс табады. Олар жер телімін сатып алып, қажетті құжаттарын рәсімдеп, тұрақ ұйымдастырып пайда табады. Дегенмен мұндай бизнестің де тәуекелі бар. Себебі бос жатқан жерлерді құрылыс компаниялары жоғары бағамен сатып алып, орнына көпқабатты тұрғын үйлер салып жатады.
Білім мен кәсіби дағдыларға инвестиция салу
Ең аз бағаланатын инвестициялардың бірі – өзіңізге инвестиция жасау. Жаңа мамандық меңгеру, біліктілікті арттыру немесе қазіргі таңда сұранысқа ие цифрлық дағдыларды үйрену болашақта табысты едәуір арттыруы мүмкін. Алайда мұның нәтижесі бірден емес, бірнеше айдан кейін ғана байқалады.
Ең басты қағида – барлық қаражатты бір жерге салмау. Капиталды бірнеше құрал арасында бөлу тәуекелді азайтады.
Инвестиция салмас бұрын өзіңізге мынадай сұрақтарға жауап берген жөн:
- Инвестиция қанша мерзімге салынады?
- Жақын уақытта қанша ақша қажет болуы мүмкін?
- Қандай деңгейдегі тәуекел сіз үшін қолайлы?
Инвестицияның мақсаты қандай: капиталды сақтау ма, тұрақты табыс табу ма, әлде қаражаттың барынша өсуіне қол жеткізу ме?
Сарапшылардың айтуынша, ешқандай тәуекелсіз жоғары табысқа кепілдік беретін әмбебап инвестиция тәсілі жоқ. Әрбір шешім адамның қаржылық мақсатына және елдегі қазіргі экономикалық жағдайға сай қабылдануы тиіс.
Бүгінде Қазақстан жағдайында ең қауіпсіз тәсіл – бірнеше инвестициялық құралды қатар пайдалану. Мұндай әдіс бір жағынан тұрақты табыс алуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан болашақта активтердің құнының өсуінен пайда табуға жағдай жасайды.