Қазақстан мемлекеттік борышқа 3,5 трлн теңгеден астам қаржы жұмсамақ
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Депутаттар 2027 жылы Үкіметтің мемлекеттік борышы бойынша пайыздар мен басқа да қызмет көрсету шығындарын өтеуге 3 трлн 560 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. Олардың пікірінше, мұндай болжам жағдайында экономиканың нақты секторын қаржыландыру жеткіліксіз болуы мүмкін.
Осыған байланысты депутаттар мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығындарының не себепті осындай деңгейге жеткенін және пайыздық төлемдер бюджет мүмкіндіктерінен жылдамырақ өспеуі үшін Үкімет қандай шаралар қабылдап жатқанын сұрады.
Азамат Әмриннің айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы бар. Оған сәйкес қазіргі таңда мемлекеттік саясат борыштың номиналды сомасын ғана емес, оның жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қатынасын және борыштық жүктемені тежеуге көбірек бағытталған.
"Жалпы айтар болсам, бізде мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы бар. Оған сәйкес қазіргі таңда борыш пен борыштық жүктемені тежеу жөніндегі мемлекеттік саясат номиналды сомаға қарағанда борыш пен борыштық жүктеменің ЖІӨ-ге қатынасын тежеуге көбірек бағытталған. Мысалы, 2020 жылдан бері Үкіметтің мемлекеттік борышы 16 трлн теңгеден 34 трлн теңгеге дейін өсті, яғни номиналды түрде 2,1 есе артты. Бірақ осы кезеңде ЖІӨ 70 трлн теңгеден 150,9 трлн теңгеге дейін, яғни 2,3 есе өсті. Тиісінше, борыштың ЖІӨ-ге қатынасын алсақ, ол 23,6%-дан 21,8%-ға дейін төмендеді. Яғни 1,8 пайыздық тармаққа азайды", – деді Азамат Әмрин.
Оның айтуынша, мемлекеттік борыш абсолюттік мәнде өсіп жатқанымен, экономиканың өсу қарқыны міндеттемелер мен борыштық жүктеменің өсуінен жоғары болып отыр. Соның нәтижесінде олардың экономикаға әсері жалпы алғанда төмендейді.
Үкімет борышты номиналды түрде де, ЖІӨ-ге қатысты көрсеткіш бойынша да азайту үшін шаралар қабылдап жатыр.
Азамат Әмриннің түсіндіруінше, ең алдымен борыштың құрылымына мән беріледі. Борыштың 75%-ы ішкі қарыздардан, 25%-ы сыртқы борыштан тұрады.
Ішкі қарыздар – мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алатын отандық банктер, зейнетақы жүйесі және басқа да институционалдық инвесторлардың қаражаты.
"Бұл қаражат экономикадан сыртқа кетпейді, оның ішінде қайта бөлінеді. Шоғырландырылған бюджет шамамен 9,3%-ды құрайды. Яғни қазіргі таңда мемлекеттік борыш жалпы алғанда басқарылатын деңгейде", – деп түсіндірді ол.
Бұған дейін Азамат Әмрин 2027 жылы Қазақстанныңреспубликалық бюджетіне қанша кіріс түсетіні және оның қандай көздер есебінен өсетіні туралы айтқан.