Қысқартылған шығыстар: Қаржы министрлігі бюджетті құру кезінде 6,7 трлн теңге үнем жасаған
Сурет: freepik
2026 жылғы 17 қыркүйекте Құрылтайда қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы үш жылдық бюджеттің шығыс бөлігін жоспарлауда қандай шығыс түрлері қысқарып кеткенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Абзал Бейсенбекұлы қажеттіліктер үнемі бюджет мүмкіндіктерінен асып түсіп отыратынын жеткізді. Сондықтан 2027-2029 жылдарға арналған еліміздің басты қаржы құжатын жоспарлау кезінде Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің алдында шынымен де қажетті шығыстар мен жобаларды іріктеп алуда қиын міндет тұрды.
"Бастапқыда мемлекеттік органдар 2027 жылға 36,9 трлн теңге сұраған болатын. Егжей-тегжейлі пысықтаудан кейін 30,2 трлн теңге қолдау тапты. Осылайша, шамамен 6,7 трлн теңгенің шығыстары бюджетке енбей қалды. Оның ішінде 5,1 трлн теңге – бұл негізсіз сұралған шығыстар. Олар бойынша қажетті нормативтік құқықтық актілер, әдістемелер, тарифтер мен оны растайтын құжаттар болмады, яғни мақсатты индикаторларға қол жеткізу үшін олардың қажеттілігі, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландыру қажеттігі негізделмеген", деп түсіндірді қаржы вице-министрі.
Бұл ретте, оның айтуынша, қалған 1,3 трлн теңге – даму жоспарларының мақсаттарына қол жеткізуге арналған қажетті шығыстар. Алайда, оларды қаржыландыру бүгінгі таңда мүмкін емес.
"Сондай-ақ биыл жүргізілген бюджеттік шолулардың қорытындысы бойынша жаңа бюджетті қалыптастыру кезінде шамамен 3,1 млрд теңгені үнемдеу мүмкіндігі анықталды. Атап айтқанда, аналитикалық және әлеуметтік зерттеулерге, сондай-ақ сенімгерлік басқаруға берілген ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуге арналған шығыстар қайта қаралды. Бұдан бөлек, базалық шығыстарға жекелей талдау жүргізілді. Басымдығы төмен шығыстарды қысқарту және қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау нәтижесінде 44,4 млрд теңге оңтайландырылды", деп сөзін түйіндеді спикер.
Бұған дейін Абзал Бейсенбекұлы Ұлттық қор қаражаты есебінен қандай жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтқан болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript