Қазақстан Үкіметі бюджет тапшылығын азайту үшін қандай шығындарды қысқартады

Госзакупки, госзакуп, государственные закупки, государственный бюджет , сурет - Zakon.kz жаңалық 17.09.2026 15:51 Фото: pexels
Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы 2026 жылғы 17 қыркүйекте Құрылтайда өткен брифингте Үкіметтің бюджет тапшылығын қалай қысқартатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Абзал Бейсенбекұлы бюджет тапшылығын төмендету барлық шығысты жаппай қысқарту дегенді білдірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бюджеттің кіріс бөлігі мен мемлекеттің басымдықтарын ескере отырып, қаржыландыру құрылымын өзгерту қажет.

"Біз бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен қысқартып келеміз. 2029 жылы оның деңгейін жалпы ішкі өнімнің 0,4%-ына дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. Бұған қалай қол жеткіземіз? Бірінші кезекте салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, салық базасын кеңейту және мемлекеттік кірістерді басқару тиімділігін арттыру арқылы бюджеттің меншікті кірістерін көбейтуге ұмтыламыз", – деді ол.

Вице-министр шығыстарды оңтайландырудың да маңызды екенін атап өтті.

"Бюджет қаражатын нақты әлеуметтік-экономикалық нәтиже беретін маңызды бағыттарға шоғырландырып, тиімсіз шығындарды алып тастаймыз. Соңғы жылдары форумдар мен түрлі семинарларға бюджеттен қаражат жұмсалмайтынын байқаған боларсыздар. Сонымен қатар тиімді жоспарлау үшін арнайы нормативтер белгіледік. Бұрын қалам, дәптер, қағаз секілді әрбір кеңсе тауарына жеке өтінім беріліп, әр өтінім бойынша үш коммерциялық ұсыныс ұсынылатын. Кеңсе тауарларымен қамтамасыз етудің өзі қаншама қағазбастылыққа әкелетінін елестетіп көріңіздер. Сондықтан біз бір қызметкерге қанша кеңсе тауары қажет екенін есептеп, шығынның шекті мөлшерін белгіледік. Бұған дейін 20 мың теңгеге қалам сатып алынған жағдайлар да кездескен, ал кей қаламның бағасы небәрі 100 теңге болған. Осындай айырмашылықтарды реттеу үшін енді әрбір қызметкерге сегіз АЕК көлемінде норматив белгіленді. Яғни мемлекеттік органның штат саны ескеріліп, әр қызметкерге сегіз АЕК есебімен қаражат қарастырылады, – деп түсіндірді Абзал Бейсенбекұлы.

Оның айтуынша, мемлекеттік қаражатты үнемдеу мақсатында басқа шығыс санаттары бойынша да осындай нормативтер белгіленген.

"Біз әрбір шығыстың не үшін қажет екенін түсіндіре аламыз. Қазір барлық шығыс нормаланды. Бұған дейін нақты нормативтер болмаған. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуде маңызды рөл атқарды, – деп түсіндірді вице-министр.

Бюджет шығыстарын шолу да тиімсіз шығындарды анықтау құралдарының бірі саналады.

"Біз соңғы бес жылдағы шығыстарға шолу жасап, олардың шынымен қажет-қажет еместігін сараладық. Ауқымды жұмыс жүргізілді. Соның нәтижесінде биыл 44 млрд теңге көлеміндегі шығысты оңтайландырдық. Мұндай құралдар тиімсіз шығындарды анықтауға мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Абзал Бейсенбекұлы.

Бұған дейін Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин ел экономикасы қандай салалардың есебінен дамитынын айтқан еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: