Ортақ ақша ма, әлде бөлек бюджет пе: психолог жұптардың ақшаға бола неге ұрысатынын түсіндірді
Сурет: pexels
"Газета.ru" басылымы жүргізген сауалнамаға сәйкес, бюджеті бөлек жұптардың 80 пайызы қаржыға байланысты жанжал болатынын айтқан. Ал ортақ бюджет жүргізетін жұптар арасында бұл көрсеткіш 44 пайызды құраған. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 52 пайызы қаржысын біріктіргеннен кейін ақшаға байланысты жанжалдың тоқтағанын айтса, тағы 34 пайызы мұндай ұрыс-керістің айтарлықтай азайғанын атап өткен.
Ерлі-зайыптылар мен жұптар ақша мәселесін қарым-қатынас басталғаннан кейін біраз уақыт өткен соң ғана талқылай бастайды. Сауалнамаға қатысқандардың 30 пайызы бір жыл қарым-қатынаста болғаннан кейін де ортақ бюджет туралы әңгімеден қашқан. Ал 29 пайызы қаржы мәселесін әлі күнге дейін ашық талқылай алмайтынын мойындаған. Тек 18 пайызы ақша мәселесін қарым-қатынас басталғаннан кейін бірден дерлік талқылай бастаған.
Клиникалық психолог Кирилл Горшениннің айтуынша, бюджет жүргізудің бөлек болуы өздігінен қарым-қатынаста мәселе бар екенін білдірмейді. Ең бастысы – мұндай қаржылық модель екі серіктеске де қолайлы болуы керек.
Маманның пікірінше, серіктесінен қарыздарын, несиелерін, ірі шығындарын немесе табысынан айырылғанын жасыру әлдеқайда маңызды мәселе.
Сонымен бірге ақшаға байланысты жанжалдар тек шығындарға қатысты болмауы мүмкін. Қаржы кейде қауіпсіздік, қамқорлық, билік немесе қысымның символы ретінде қабылданады.
Психологтың айтуынша, "Сен тым көп ақша жұмсайсың" деген сөз тек шығынға наразылықты білдірмеуі мүмкін. Оның астарында болашаққа алаңдау немесе серіктестің қолдауын жеткіліксіз сезіну жатуы ықтимал.