Денсаулық сақтау министрлігі дәріні тексеру және оны мемлекет есебінен қалай алуға болатынын түсіндірді
Фото: Zakon.kz
Дәрі сатып алмас бұрын Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше негізгі талапты тексеруге кеңес береді:
- препарат Қазақстанда тіркелген болуы керек;
- қаптамасы бүтін болуы тиіс;
- жарамдылық мерзімі өтпеген болуы керек;
- сақтау шарттары талаптарға сай болуы қажет.
Сондай-ақ қаптамадан препараттың атауын, дозасын, дәрілік түрін және таңбалануын тексеру керек. Медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болуы тиіс.
Дәрінің Қазақстанда тіркелгенін Мемлекеттік дәрілік заттар тізілімі арқылы тексеруге болады: register.ndda.kz. Ал препараттың түпнұсқалығын және таңбалау жүйесіндегі мәртебесін DariKz және Naqty Onim қосымшалары арқылы қосымша тексеруге болады.
Дәрі-дәрмекті тек оны сатуға құқығы бар дәріханалардан және басқа да ресми орындардан сатып алған жөн. Әлеуметтік желілер, хабарландырулар және белгісіз интернет-сайттар арқылы дәрі сатып алғанда аса сақ болған жөн.
Егер күмән туындаса, чекті, нұсқаулықты және қаптаманы сақтап қойыңыз.
Егер дәріні онлайн сатып алсаңыз, хабарландыруды, фотосуреттерді және хат алмасуды сақтаңыз.
Тексеру үшін мына орындарға жүгінуге болады:
- дәріхана басшысына;
- e-Otinish арқылы;
- Darikz арқылы;
- Naqty Onim арқылы;
- Фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментіне.
Егер препараттың тіркелмеген немесе жалған екеніне күмәндансаңыз, оны қолданбаңыз.
Қай кезде жедел жәрдем шақыру керек?
Дәрі қабылдағаннан кейін мынадай белгілер пайда болса, дереу жедел жәрдем шақырыңыз:
- қатты аллергиялық реакция;
- тыныс алудың қиындауы;
- есінен тану;
- өмірге қауіп төндіретін басқа да жағдайлар.
Қандай дәрілерді тегін алуға болады?
Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда дәрі-дәрмектер мына бағдарламалар аясында тегін берілуі мүмкін:
- ТМККК – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі;
- МӘМС – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру.
Ол үшін тіркелген емханаңызға жүгіну қажет. Егер препарат тегін қамтамасыз ету тізіміне кіретін болса, оны өзіңіз сатып алудың қажеті жоқ. Учаскелік дәрігер рецепт жазып береді, содан кейін дәріні емхананың дәріханасынан тегін аласыз.
Рецепт бойынша берілетін дәрілерді тек дәрігердің тағайындауымен қолданыңыз.
Мыналарды өз бетіңізше жасауға болмайды:
- дозаны өзгерту;
- препаратты өз бетінше басқа дәрімен ауыстыру;
- емдеу курсын қысқарту немесе ұзарту;
- дәрігермен кеңеспей емдеуді тоқтату.
Созылмалы аурулар, аллергия, жүктілік және бірнеше препаратты қатар қабылдау кезінде дәрігердің тағайындауын қатаң сақтау маңызды.