ШҚО тұрғыны алғашқы құжатын 49 жасында алды
ШҚО-да жеке басты куәландыратын құжатсыз тұрып жатқан азаматтарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мәселен, бірнеше ай бұрын Семей қаласының Полиция басқармасына 49 жастағы тұрғын көмек сұрап жүгініпті. Ол өз сөзінде ешқашан Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжатты алмағанын, тіпті туу туралы куәлігі де болмағанын жеткізген.
Ол Аягөз ауданында дүниеге келген. Әжесі мен атасының қолында тәрбиеленгендіктен, 8 сыныпты бітіріп, Семей қаласына көшіп келген. Дегенмен 49 жасына дейін жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген. ШҚО ПД баспасөз қызметі
Құжаттары болмағандықтан, ол ресми түрде жұмысқа да орналаспаған, некеге де тұра алмаған.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері оған Қазақстан Республикасының азаматтығын растау және жеке куәлікті рәсімдеу үшін барлық қажетті құжаттарды жинауға көмектесіп, туу туралы куәлікті қалпына келтіріп берген.
Қазіргі уақытта ер адам көптен күткен құжатын алды. Енді ресми түрде жұмысқа тұра алады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі қандай да бір себептермен жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне хабарласуға кеңес берді.