Құжаты жоқ ананың баласы сәбилер үйіне өтіп кеткен
«Алматы» телеарнасының хабарлауынша, Яна Кодрянның құжаты болмаған. Өзі әжесінің қолында өскен. Ал ата-анасы туған кезінде тастап кеткен екен. Янаның құжаты болмағандықтан ол оқи да алмаған, жұмысқа да орналаспаған. Көпбалалы жалғызбасты ана бұлай өмір сүруден қиналып кеттім деп отыр.
Маған құжатсыз өмір сүру өте қиын. Жұмысқа тұра алмаймын. Тіпті балаларымды емханаға, балабақшаға апара алмаймын. Балам ауырса, үйде өзім емдеуге мәжбүрмін. Мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмаймын. Тек құжат жасауға көмектессе екен.Яна Кодрян
Осыдан 3 ай бұрын қаладағы мешіттердің бірінде қайыр тілеп отырған Янаны полицейлер ұстап әкетеді. Кейін көп балалы ананы жіберіп, қолындағы 3 айлық сәбиін алып қалған.
Баламды алып қалды да, маған ешқандай себебін айтқан жоқ. Балаңызға дұрыс қарамай, көшеде жүрсіз деді. Мен болсам, балаларыма өте жақсы қараймын. Сәбилерімді аш қалдырған емеспін. Балаларымды үнемі тамақтандырып, киіндіріп жүремін. Ішпеймін, шекпеймін. Ешжерде есепте тұрған жоқпын.Яна Кодрян
Ал полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, Янаның өзінің де, баласының да құжаты болмаған соң, сәбиін балалар үйіне өткізген. Көпбалалы ана енді әкімдіктен және құзырлы органдардан өзіне құжат жасатып беруді сұрап отыр.
«Құқық» қоғамдық қорының директоры Ольга Рыль қазір Яна Кодрянның мәселесі бойынша сотқа арыз берілгенін хабарлады. Ольга Рыль Янаны полиция ұстап алмағанда ол құжат жасатуға келмейтін еді деп отыр. Ал оған құжат жасату үшін азаматшаның туыстарымен бірге генетикалық сот сараптамасын тағайындау қажет. Ал оған біраз уақыт кетеді.
Яна 3 айлық баласымен қайыр тілеп, полицияға ұсталып қалмағанда ол құжат жасауға келмейтін еді. Янаға құжатты біз 5 жыл бұрын жасау керек едік. Бірақ ол істі аяғына дейін жеткізбей, бізбен байланыспай, Екібастұзға кетіп қалды. Қазір 1 жасқа толмаған баласы сәбилер үйінде. Ол жерде балаға құжат жасалды.«Құқық» қоғамдық қорының директоры Ольга Рыль
Генетикалық сот сараптамасы 1 айдан 3 айға дейін уақыт алу мүмкін. Егер көпбалалы анаға құжат жасауға рұқсат беру туралы шешім шықса, балаларына да туу туралы куәлік жасалады. Сол құжат дайын болғанда ғана ана баласын сәбилер үйінен алып кете алады. Оған дейін анасы сәбиімен тек кездесіп тұра алады.