Жаңалықтар тізбегі
0

Алматы облысында 22 жылдан бері жөндеу көрмеген мектеп құлауға шақ тұр

ескі мектеп, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.03.2022 22:59 Сурет: Zakon.kz
Ата-аналар мен мұғалімдер күрделі жөндеу жүргізілмесе, жаңа мектеп салып беруді талап етеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылында 500 орындық мектеп құлауға шақ тұр. Тұрғызылғалы бері жөндеу көрмеген ғимарат расымен адам шошырлық күйге түскен, деп жазады Almaty.tv.

Бұл мектеп 2000 жылы балабақша болып ашылған. Одан бергі 22 жылда бірде-бір рет жөндеу көрмеген оқу ғимараты қазір аса қауіпті жағдайда. Қабырғалары көгерген, парталары ескі, едені де шұрық-тесік.

Мектептің бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары оқитын екі ғимараты бар. Екеуінің де күйі – осы. Бар көрген жөндеуі – жылда мұғалімдер қалтасынан шыққан ақшаға жасалатын жұмыстар ғана. «Қазір тұрғындар да балаларын мұнда оқытқысы келмейді, алыс та болса, ауыл сыртындағы мектепке барады» дейді қызметкерлер. Көрініп-ақ тұр, бір сыныпта ең көбі 15 оқушы отырады, ал соңғы 2 жылда тіпті, мектептен түлек түлеп ұшпапты.

«Негізі екі мәселе бар. Ең бірінші, осы мектебімізді биыл күрделі жөндеуден өткізсек дейміз. Екінші мәселе, егер күрделі жөндеуден өткізбейтін болса, онда жаңа мектеп салу керек», - деді №38 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Мұрат Шұлғаубаев.

«Бұл не қылған қозғалмайтын мәселе? Неге басқа мектептерге көңіл бөледі, ал осы мектепке келгенде ақша жетпейді дейді? Ақша қайда кетіп жатыр?» - дейді ата-ана Гүлнар Бекбосынова.

Ақша демекші, 2020 жылғы сметалық құжатта дәл осы мектептің жағдайын жақсарту үшін 8 млн 626 мың 950 теңге бөлінгені туралы ақпар бар. Бірақ мұндағылар «жөндеу жүргізбек түгілі, жағдайды көруге ешкім келмеді» дейді.

«2021 жылы мектеп директорымен бірге тағы жүгірдік. Аудандық білім бөлімі барлық құжаты дайындадық деді. Бірақ онда да нәтиже жоқ. Енді біз түсінбейтін нәрсе: 22 жылдан бері тұрған мектеп неге әлі жөндеу көрмеді? Мен жүгіріп жүрген 4 жылда неге кейінге шегере берді?» - дейді №38 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Ғабит Дайынов.

Бүгінге дейін әкімдердің уәдесін ғана алып келген мектеп қызметкерлері «енді тіпті, бір ауыз жауап есту бұйырмай жүр» дейді. Әкімдікке бардық. Аталған мәселеге қатысты аудан басшысы ештеңе айтпағанымен, білім бөлімі пікір білдірді.

«2022 жылдың 18 қаңтарында 756 млн 410 мың теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Енді мәслихат 2022 жылдың наурыз айында өтеді деп болжап отырмыз. Қаражат бөлген жағдайда бір-бірден конкурс беретін боламыз», - деді Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақасова.

«Жергілікті билік өкілдерінің назарын аудара алмағанымызбен, министрдің өзі тікелей жауап берді» дейді мұғалім. Елдің Білім және ғылым министрлігі жолдаған хатта бюджеттік өтінімнің облыстық комиссияға ұсынылғаны жазылған. Қалай болғанда да, ширек ғасырға жуық шешілмеген мәселеге осы наурызда нүкте қойылады деп сенеді көпшілік.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: