Клиенттердің екінші деңгейдегі банктердегі салымдарына қатысты ақпарат
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сыртқы макроэкономикалық тәуекелдердің банк секторының тұрақтылығына салдарын жою үшін жүйелік шаралар қабылдауда.
Ресейдің бірқатар банктеріне қатысты енгізілген санкциялар олардың Қазақстанда жұмыс істеп жатқан еншілес банктеріне ықпалын тигізді. Алайда санкциялар мен шектеулер Қазақстан банктерінің қызметіне және тұтастай алғанда банк секторына әсер етпеді.
2022 жылғы 24 ақпаннан бастап екінші деңгейдегі банктер клиенттерінің салымдары 586 млрд теңгеге немесе 2,2%-ға ұлғайып, 26,8 трлн теңге болды. Бұл ретте жеке тұлғалар салымдарының үлесі 51,4%-ды немесе 13,9 трлн теңгені, заңды тұлғалардың салымдарының үлесі - 48,6%-ды немесе 13,1 трлн теңгені құрайды.
Клиенттердің шетел валютасындағы салымдарының үлесі банктердегі барлық салымның 39,5%-нан 41,9%-на дейін ұлғайды, бұл теңгенің шетел валюталарына қатысты айырбастау бағамының өзгеруі аясында шетел валютасындағы салымдарды қайта бағалауға байланысты.
Тұтастай алғанда, банк клиенттері салымдарының өсуі елдің банк секторынан депозиттердің әкетілмей жатқанын білдіреді. ҚР заңнамасына сәйкес жеке тұлғалардың депозиттеріне мемлекет кепілдік береді. 2022 жылғы қаңтарда «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігімен депозиттерді кепілдендірудің шекті сомалары 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Агенттік банктер клиенттерінің алдындағы міндеттемелердің уақтылы орындалуы үшін банктердің қаржылық жағдайын бақылауды үздіксіз жүзеге асырады.