II Дүниежүзілік соғыс кезінде Норвегияда жерленген тағы 18 қазақстандық жауынгердің есімі анықталды
Соңғы айларда 18 қазақстандық сарбаздың аты-жөні мен жерленген жері анықталды. Бүгінгі таңда есімдері белгілі қазақстандық солдаттардың жалпы саны 74 адам.
Сарбаздар Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының тумалары немесе сол өңірлерден әскерге шақырылған.
Жауынгерлердің бейіттері Саннешоен (Tjøtta sovjetiske krigskirkegård), Лиллехаммер (Jørstadmoen), Берген (Åsane kirkegård) және Тронхейм (Støren kirkegård) қалаларының жанындағы кеңестік әскери зираттарда орналасқан.
Тізімде сарбаздың туған жылы мен мекені, әскерге шақыру, қызмет ету, тұтқындалуы, қайтыс болуы даталары және жерленген жері, туыстары туралы мәліметтер, сондай-ақ қолда бар құжаттарға сілтемелер берілген. Тізім «Фалстад орталығы» (Норвегия), Қазақстан аумағынан шақырылып Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен әскери қызметшілер туралы «Мемориал» деректер банкі, сондай-ақ Ресейлік «Мемориал» жиынтық деректер банкі сияқты бірнеше деректер көздерінен алынған ақпаратты салыстыру арқылы жасалды.
Қаза тапқан сарбаздардың көбісі бір немесе екі ғана мәліметтер базасында көрсетілгені іздеуді қиындатады. Көптеген жағдайда солдат есімі мен географиялық атаулардың бұрмаланып жазылуы проблемасы да бар.
Бүгінгі күнге дейін Норвегияда жерленген кеңестік әскерилердің шамамен 15 500 саны туралы белгілі болып, олардың 7000-ға жуығының есімдері анықталды.
Елшілік жарияланған ақпарат сарбаздардың ұрпақтарын, туыстары мен жақындарын табуға көмектеседі, зерттеулерді одан әрі жүргізуге және солдаттарды мәңгі есте қалдыруға үлес қосады деп үміттенеді.
1941-1945 жылдары Норвегияда жерленген кеңестік қазақстандық жауынгерлерінің тізімін (2022 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша) мына сілтемеден алуға болады.