Ер адам 125 мың теңгеге алаяқтардан жүргізуші куәлігінің суретін сатып алған
Таразда ер адам жоғалған жүргізуші куәлігін қалпына келтіру үшін Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына келеді. Ол телефонындағы құжаттардың суретін көрсетіп, белгісіз жағдайда жоғалтып алғанын айтады. Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі
Алайда, бұл азаматты ҚР ІІМ ақпараттық ресурстарынан тексеру барысында Жамбыл облысы ТЖД ҰАП процессингтік орталығының қызметкерлері оның ешқашан жүргізуші куәлігін алмағанын анықтайды.
Жас жігіт WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз әйелден теориялық және практикалық емтихандарды тапсырмай-ақ оған жүргізуші куәлігін жасап беруге уәде еткенін айтты. Осы қызметі үшін жігіт алаяқтың картасына 125 000 теңге аударған. Бірақ әйел жүргізуші куәлігінің суретін ғана жіберіп, түпнұсқасы үшін тағы 80 000 теңге талап еткен.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі (Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.