Отырар, Шардара аудандары мен Арыс қаласында шіркей қаптап кетті
Кейбірі тіпті қас қарайғанша үйде қамалып отырамыз дейді.
Қаптаған шіркейді құртуға қауқарымыз жетпейді, дейді тұрғындар. Көктемнің әрбір күні жылға азық деген шаруалар тіпті егістікке де шыға алмай қалған. Тек таңғы ала кеуім мен қас қарайғанды күтетіндерін айтады.
Көктем айы аяқталып келе жатыр, мында егіс егу керек. Поляда жұмыс істеу керек. Оған да еш мүмкіндік жоқ. Қас қарайғанша осы шіркей маза бермейді. Жұмыс істей алмаймыз ешқандай. Шіркейге қарсы қозғау жоқ, ноль деп айтуға болады. Орынбасар Досов, Сарыкөл ауылының тұрғыны
Аллергиясы бар немесе қан қысымы жоғары тұрғындар да қазір үйінен аттап баспай отыр. Ересектермен қоса оқушылар да мектепке де тор бас киім киіп баратын болған. Себебі ашық жүрсе зиянкес көз бен мұрын түгілі киімдеріне кіріп, шағып тастайды екен.
Үстімізге жара шығады, иод жағамыз. Мазь жағамыз. Осыны сабаққа киіп барамыз. Сонда да таланып жатырмыз. Түнімен қасынып шығамыз. Ажар Өмірзақ, оқушы
Шіркейден төрт түлік те жайылымға шығудан қалыпты. Әсіресе қара мал мен үйдегі тауықтар шыдамайды екен.
Малдың да бет аузын жеп қояды ғой, жаңа туған төлдерді жеп қояды. Ен салған кезде құлағын қанатып жібереді ғой. Көзден шағады, құлақтан шағады. Жаңа туған балапандар өліп қалып жатыр. Ерлан Алтанов, мал дәрігері
Қазір шіркей шағып, емхана мен ауруханаларға қаралатындар қатары күрт көбейген. Олардың көпшілігі балалар дейді емхана қызметкерлері. Денесі бөрткендерге ем көрсетілсе, асқынған науқастар аудан орталығына жөнелтіледі. Ал, зиянкестерді дәрілеу қазір өңірдің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына жүктелген.
Былтырғы жылдан бастап осы наурыз айына дейін сот рәсімдері жүргізілді. Соған байланысты біз үлгермей қалдық. Біз енді келесі жылға дайындаймыз. Есептерінің барлығын келесі жылдың бюджетіне енгізіп, 2023 жыл басынан жұмыстарды атқаруға жұмыс жасаймыз. Бақтыбек Убайдин, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы
Оның үстіне биылғы көктемнің жаңбырлы болуы шіркейлердің көбеуіне сеп болған. Мамандар бұл жәндіктер енді тек шілдеде азая бастайтынын айтады. Оған дейін әлі екі ай бар.