Президент: Ұлттық ғылым академиясы ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс
Сурет: akorda.kz
Президент Ұлттық ғылым академияның мәртебесін көтеру керек деп санайды. Сонымен қатар, бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс деді Тоқаев, академияның 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы, Ұлттық ғылым академиясы сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек әрі, қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды екенің алға тартты.
Академияға мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз. Оның қазір атқарып отырған қызметінен басқа да міндеттерін нақты белгілеу қажет. Атап айтқанда, ғылыми басымдықтарды дәл осы құрылым айқындауы керек. Қазақстан Республикасының президенті
Онымен қоса, президент ғылым академиясына арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де берілетінің айтты.
Ғылымға адалдық мәселесіне баса назар аударғым келеді. Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндердің бар екені жасырын емес. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Олар, шын мәнінде, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Соның кесірінен мемлекеттің қаншама қаражаты босқа кетеді. Бұған біржола тосқауыл қоятын кез келді. Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет. Біз ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесін көбейтуіміз керек. Сонымен бірге, әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастықты күшейткен жөн. Ғалымдар еліміздің рухани дамуына да баса мән бергені дұрыс. Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент жастардың отаншылдық рухын күшейту керектігін тілге тиек етті.
Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, көк туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте, Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес». Қазақстан Республикасының мемлекеттік басшысы
Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы. Осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ең әуелі – сіздер, яғни зиялы қауым, деп ойын түйді президент.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript