Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Райымбек ауданына іс сапармен барды
Аудан әкімінің мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, білім саласының қызметкерлері, басқа да құзырлы орын өкілдерімен кездесті. Жиынды Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов ашып, жүргізіп отырды.
Алғаш сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәңіртау етегінің тұрғындарына деген ыстық ықыласқа толы сәлемін жеткізуге келгендігін айтты.
Сөзін ары қарай жалғап, елімізде өткізілген референдумның мақсат-міндеті мен маңызын, Жаңа Қазақстанды құрудың бағыт-бағдары, Ұлт ұясы атанған Ұлытау төрінде өткен құрылтайда айтылған жайттар, жаңа құрылған үш облысқа мемлекет тарапынан белгіленген жоспарлы шаралар жайлы қысқаша айтып өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының жуырда Ресейдің Санк-Петербург қаласына және Иран мемлекетіне жасаған жұмыс сапарының жайынан хабардар етті.
Жиналғандарды ел мен жер тағдыры, ауданның тынысы, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жайлы, өздерін толғандырып жүрген басқа да өзекті мәселелер туралы ашық әңгімеге шақырды. Және көпшіліктің осы жерде айтқан талап-тілектерін, ой-пікір ұсынытарын Мемлекет басшысына толықтай жеткізетінін айтты.
Келесі кезекте сөз алған жазушы Нұрғали Ораз, ақын Кәдірбек Құныпияұлы Райымбектей батыр баба ұрпақтары Бердібек, Мұқағали, Сағат, Баққожа сияқты қазақ әдебиетінің алыптары туған өлкенің айрықша қасиеттерін үлкен толғаныспен жеткізді.
Мемлекетімізде жасалынып жатқан игі шаралардың шарапаты осынау аспантау етегінің тұрғындарына да ортақ екенін, сондықтан ел өміріне қатысты қолға алынып жатқан сындарлы саясатының орынды жүзеге асуына лайықты үлес қосу әрбір адамның қасиетті борышы екенін тілдеріне тиек жасады.
Келесі кезекте мінберге көтерілген аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев Кеген мен Нарынқолдың арасын жалғап жатқан күре жолдың адам төзгісіз жағдайын, жер мәселесін мәртебелә меймандардың назарына ұсынды.
Ұзақ ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Мақсат Әшімбаев ауылды газдандыру, алқаптарды суландырудың, тау сағасындағы көлдердің суын ауылға бұрудың мәселесін сөз етті.
Ауданның құрметті азаматы, зейнеткер Нұрлан Әкімбаев мал өнімдерін ұқсату, жүн-терілерін пайдаға жарату үшін ауданнан арнайы өңдеу орындарын ашу қажеттігін, Айыпжан Қаптағаев шекара мәселесін, Ауғали Молдасан өндіріс орындарын құрудың өзектілігін ортақ әңгімеге арқау етті. Басқа да мәселелерді сөздеріне тұздық жасады.
Сөйлеушілердің сөзін зейін қоя тыңдаған Республика Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы айтылған жайттардың бәрі де өзекті екенін, оның орынды жүзеге асуына барша жұртшылық бір кісідей атсалысуы қажеттігін айтты. Қандай жағдай болса да түсіністік қарап, мемлекеттің сындарлы саясатын қолдауға, Жаңа Қазақстанды құру жолында ұйымшылдық танытуға шақырды. Айтылған ортақ ой, пайымды пікірге қанағаттанғандық сезімін білдірді. Ақжарма тілегімен аяқтады.