Оралда аптап ыстыққа байланысты ауруханалар адамға тола бастаған
Ауа райын болжаушылар шілде айында аптап одан әрі күшейіп, +42 градустан да асатынын айтады. Ми қайнатар ыстықтың кесірінен денсаулығы сыр беріп, аурухана төсегіне таңылғандар көбейген. Аптап ыстық, әсіресе созылмалы дертке шалдыққан һәм қан қысымы жоғары қарияларға ауыр тиюде. Дәрігер көмегіне жүгінгендер жиілеген, делінеді Astana.tv жаңалықтарында.
75 жастағы Балзира Ахметжанованың қан қысымы күрт көтеріліп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.
Менде көптен бері қан қысымы бар. 240-260. Осында 240-пен келдім. Кеше тек бірінші рет система алғаннан кейін 140/80 болдым. Қуанып кеше тамағымды ішіп, рахаттандым. Орал қаласының тұрғыны Балзира Ахметжанова
Дәрігерлер күн ысыған кезде көшеде жүрмеуге, көбірек су ішуге кеңес береді. Ал созылмалы ауруға шалдыққандар дәрісін уақытылы ішіп, күтінгені жөн дейді.
Бүгінгі күнде бізде қан қысымы өте жоғары болып жатқан науқастар көп және сонымен бірге инсульт алған науқастардың да саны өте жоғары болып келеді. Қабылдау бөліміне 20-30 адамға шейін түседі. Дәрігер-терапевт Дина Әбдірова
Ауа райын болжаушылар шілде айының ыстық болатынын айтады. Бүгін-ертең жаңбыр жауғанымен, күн қайта ысиды.
Облыстың батысында, солтүстігінде, өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл тұрады. Жел оңтүстік-батыстан соғады. Күгі 9-14, облыстың шығысында 15-20 м/сек. Ауа температурасы түнде +18 +23, күндіз +27 +32, облыстың оңтүстігінде 35 градус жылы болады. Инженер-синоптик Дана Әкімғожина
Күннің күрт ысуына байланысты өңірде V (бесінші) дәрежелі өрт қаупі жарияланды. Осыған дейін облыс бойынша 400 гектардай аумақ отқа оранған. Төтеншеліктердің сөзінше, тілсіз жаудың жиілеуіне тұрғындардың салғырттығы себеп. Сондай-ақ, ыстықтан жан сауғалап, суға секірген 8 адам көз жұмған.