Шымкентте көлік жүргізушілер автогаз таппай сандалып жүр
Шымкенттің жанар-жағар май сататын бекеттерінің көбінде автогаз жоқ. Стансалар тіпті жүргізушілер мазаламас үшін тиісті жазуды іліп те қойған. Көлігіне газ құрылғысын орнатқандар қаланың әр түкпіріне отын іздеп сандалып жүргенін айтады. Жүргізушілер автогаз тапшылығы баға көтеру үшін қолдан жасалуы мүмкін деп топшылайды, делінеді КТК телеарнасының сюжетінде.
Ол бар халықтың ойында бар. Өстіп қымбатшылық жасап жатыр деген жоғарыдағылар. Үрей бар. Үш күн болды. Он шақты бекеттен өттік. Таппадым. Кеше тіпті жүре алмадым, газ болмады. Бүгін шықтым. Бір жерде болмаса, бір жерде бар шығар деп. Шымкент қаласының тұрғыны Мұрат Әбдіғаппаров
Газы бар стансалардың көбі шектеп беріп жатыр: бір адамға 2 мың теңгеден артық құймайды. Ал кей бекеттер келісімшарты бар мекемелерге ғана талонмен беріп жатыр. Жүргізушілер газ Шымкентте ғана емес, жалпы Түркістан облысында тапшы дейді.
Бәйдібекте, Түркістанда, еш жерде жоқ. Ол түгілі, өзіміздің Шаянда да жоқ. Біраз болды, үшінші апта болып қалды ау деймін. Шоферлардың бәрі қиналып жүр. Әр жерде кезек. Әшейін үйге құятын газымыздың өзі тапшы болып жатыр, жоқ. Түркістан облысының тұрғыны Руслан Шоқатов
Ал энергетикаға жауапты шымкенттік шенеуніктер қаладағы 170 бекеттің 70-інде ғана газ бар дейді. Десе де мұны тапшылық деуге келмейді деп отыр. Қажет сұйық отын мөлшері зауыт пен бекеттерде бар болғанымен, газ құю стансасына жеткізуші компаниялар түрлі себеппен тасымалдамай жатқанын айтады.
Тамыз айына 7170 тонна қажеттілік. Зауытта тұр. Оны 21 мекеме уақытында алу керек. Қазір 1008 тонна, төртбес күн болды. Екі стансада, Қазығұрт пен Текесуда тұр. Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылым дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Ердембеков
- Алып кетпей жатыр ма, 21 компания?
- Ол енді 47 цистерна тұр.
Жанармай құятын компаниялардың барлығы жекеменшік деген энергетика басқармасының басшылығы оларды мәжбүрлеп жұмыс істеткізе алмаймыз дейді. Газ үлестірушілердің бағаны көтеруі үшін әдейі сөз байласуы мүмкін деген жорамалды да жоққа шығарады. Әзірге автогазы бар стансаларда литрі 60 теңгеден сатылып жатыр. Ал «тапшылықты әдейі қолдан жасауы мүмкін» деген жүргізушілер тиісті органдар тексеру жүргізсе деп отыр.