Атырауда бір адамға 10 жұмыртқадан сатылып жатыр
Тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын супермаркетте тауық жұмыртқасы - 35,6 теңге. Бұл – аймақтағы ең арзан баға. Бірақ жұрт оны қалағанынша сатып ала алмайды. Бұл туралы Астана арнасы хабарлады.
Тұтынушыларға жетпей қала ма деп, сондай шектеу қойылды. 90 дана, 1 қорабын алып жатады. Организациядан келіп тұрмыз деп, 360 дана, 2-3 қорабын сұрағандар болды. Халықтың бәріне біркелкі жұмыртқа жетуі үшін, дүрбелең, талас болмауы үшін осындай шектеулер қойылды. Сауда үйінің меңгерушісі Дамира Тұрысбаева
Ал базарда жұмыртқа әдеттегідей сатылып жатыр. Бірақ базарда анағұрлым қымбат.
Кеше, алдыңғы күні телефон соққанымызда "баға көтеріледі" деп сатпады, бізге әкелмеді. Сондықтан алмадық. Енді бүгін 42 теңгемен әкелді. Бір теңге қосып, 43-44 теңгеден сатып тұрмыз. Оның ар жағында 37-39 болды. Кәсіпкер Әсима Ағаділова
Жергілікті өнімнің де бағасы өзгерген. Қаладағы жалғыз құс фабрикасының жұмыртқасы 38-42 теңгеден сатылып жатыр. Ал Атыраулықтар тұтынатын жұмыртқаның 70%-і өзге облыстардан әкелінеді. Бағаны өсірген солар,- дейді жауаптылар.
Ірі тасымалдаушы мекемелерге анализ жүргіздік. Олардың мәліметінше, баға жем бағасы, вакцина бағасынан көтеріліп отыр. Сол себепті өсім байқалды.Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов
Кейінгі аптада Атырауда жұмыртқа бірнеше рет қымбаттаған. Сондықтан кондитерлік цехтар мен шағын дүкен иелері тұрақтандыру қорының арзан жұмыртқасын сатып алып жүр. Ал билік өкілдері алыпсатарлықтың жолын кесу үшін жұмыртқа санын шектеп сатуға мәжбүрміз дейді.