Еуропада ломбардқа сұраныс артты
«Еуропадағы өмір»ұйымының мәліметінше қазір ЕуроОдақ азаматтарының 25 пайызы кедейлік кебін киіп отыр. Айлығы шайлығына жетпейтіндер мен жұмыссыздар қазір үйіндегі жиһазын, киім-кешегін саудалап, күн көруде.
Жаппай қымбатшылық белең алғалы Германияда ломбардтарға сұраныс артқан. Ақшадан қысылған жұрт елдегі 250 дүкенге алтындарынан бөлек бағалы заттарын кепілге қалдырып, несие алып жатыр, деп жазады qazaqstan.tv.
Ломбардқа кепілге қойған затын қайтарып ала алмаған бельгиялықтардың мүлкі арнайы дүкендерде саудаланады. Таза былғары мен бұғының терісінен тігілген дивандарға көп адам қызыққанмен, сатып алуға қалтасы көтере бермейді.
Нан-пұлға ақша таппай қиналғандар мұнда бағалы заттарын, тіпті жарыстарда ұтып алған алқа, сыйлықтарына дейін арзанға сатып жіберген.
Брюссельдегі бір ғана дүкен соңғы алты айда тұрғындардан 1500 тонна жиһаз бен 5 мың тонна бағалы бұйым қабылдаған. Азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасы шарықтай берсе, күнкөрістің қамы үшін халық бар қазынасын сатуға қояды, дейді сарапшылар.