ҚР Президенті: Егемендік декларациясы – халықтың ұзақ жылғы күресінің нәтижесі
Президент салтанатты шараға жиналған қауымды Республика күнімен құттықтай келе, "Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн" екенін айтты.
Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн.Қасым-Жомарт Тоқаев
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Мемлекет басшысының сөзінше, бұл құжат тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды.
Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат.Қасым-Жомарт Тоқаев
«Қазақта «Егемен болмай, ел болмас» деген терең мағыналы сөз бар. Кейде «Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады» деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Президент "бұл сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі" екенін еске салды.
Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары және зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді. Қасым-Жомарт Тоқаев
"Егемендік декларациясын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады" деп сөзін сабақтаған мемлекет басшысы мұндай қадамға бару оңай болмағанын тілге тиек етті.
Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын. Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады.Қасым-Жомарт Тоқаев