Сәтбаев қаласында 15 үздік бизнес жоба иегеріне әкім гранты берілді
Сәтбаев қаласының қала әкімдігінде жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдауға арналған шарада әкім гранты жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қала басшысы Асқар Ыдырысов жас кәсіп иелерін қайта жанданған ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, кәсіпкерлікпен айналысуға ұмтылған жастарды қолдаудың маңызды екенін атап өтті.
«Қазіргі жастарымыздың жанарынан жалынды, бойларынан жарқын болашаққа деген құштарлықты анық байқауға болады. Қала жастарының соңғы жылдардағы белсенділігі, қолға алған жаңа жобалары бізді айрықша қуантады. Кейінгі жылдары жас кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді. Бұл - қаламыздың экономикасының еселене түсуіне жастарымыздың қосып жүрген үлестерінің қомақты екенін байқатады. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу»,- дейді халқымыз. Жас кәсіпкерлердің қолға алған ісіне, бастамаларына қолдау бар. Оған айғақ - бүгінгі игілікті іс-шара.Әкім
Биыл жастар бизнесін қолдауға 12 миллион теңге мөлшерінде қаржы бөлінді. Әкім грантына лайық жобаларды анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс істеді.
Грант – бұл бірінші қадам. Болашақта Сіздер кәсіпкер ретінде өздеріңіздің ел үшін тиімді мақсаттарыңызға түрлі мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын пайдалануға мүмкіндіктеріңіз бар. Сіздер өз кәсіптеріңізді түрлі бағытта дамытуларыңыз керек, біз әркез қолдауға дайынбыз. Бастамашыл кәсіпкер жастарымыз қаламыздың гүлденуіне өз көмегін тигізеді деп сенемін. Қолға алған істеріңізге сәттілік тілеймін. Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.
Дәстүрлі түрде берілетін грант жобасына биыл 42 өтініш түсті. Бизнес қауымдастық, мемлекеттік орган және қоғам белсенділерінен құралған комиссия мүшелері 15 жас кәсіпкердің жұмысын іріктеп алды. Асығы алшысынан түскен кәсіп иелеріне 500, 750, 1 миллион теңгелік сертификаттар табысталды.