Талдықорған қаласының бір бөлігі көгілдір отынсыз қалды
Апатты жою қолға алынғанымен, әзірге нәтиже жоқ.
Зайсан ауданындағы тоғыз ауылдың тұрғындары осымен екінші тәулік көгілдір отынсыз қалып отыр. Бұған елдімекендерге газ жеткізетін жоғарғы қысымды құбырдан шыққан ақау себеп болды, деп жазады qazaqstan.tv.
Бас аяғы 1700-ге жуық абонент табиғи газдан ажырады. Бұл жағдайға байланысты әкімдік жедел штаб құрып, әрекетке кірісті. Айта кету керек ауылдарда әлеуметтік нысандар жұмысын тоқтатқан жоқ.
Газды құбырларға жіберу арқылы тексеру жұмыстарын жүргізіп көреміз. Егер де ешқандай ақаулар орын алмаса, онда ауылдарға таратуды бастаймыз. Серік Тілемісов, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары
Ал Талдықорғанда жер астындағы жартылай қысымды құбырдан газ шығып, 750-ден астам үйге сұйық отын беру тоқтатылды. Қазіргі таңда газ таратушы мекеме апаттың себеп-салдарын нақтылап, ақауды жоюға кіріскен. Бірақ тұрғындардың қайтадан көгілдір отынға қашан қосылатынын дөп басып айту қиын дейді мамандар.
Нақты уақыты әзірге белгісіз. Өйткені мына ақауды тауып, оның материалын анықтау қажет. Содан кейін анық болады. Бейбарыс Тілеубаев, Апаттық-диспетчерлік қызметінің бастығы
Апаттың алдын алу мақсатында бірнеше шағын ауданда газ тарату жүйелері автоматты түрде өздігінен өшіп қалды. Нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйлердегі абоненттер де көгілдірсіз отынсыз отыруға мәжбүр.