Жамбыл облысында жаңа фабрика іске қосылды
Мұнда тоқылмаған материалдан жасалған бірреттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, системалық құралдар, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырмалар, ота жасауға арналған құрал-жабдықтар, яғни қайшы, пышақтар жиынтығы өндіріледі.
Зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысып, нысан лентасын қиды. Зауыт ішін аралап, кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Енді бұл компания медициналық өнімдерден бөлек, бірқатар салалар бойынша да шикізат дайындауды қолға алыпты. Тарқата айтқанда, ауыл шаруашылық саласында жылыжайға арналған, жол құрылысы барысында асфальт астына төсейтін жабынды, жиһаз шығаратын зауытқа қажетті өнім түрлері өндірілуде.
Компания спанбонд типті тоқыма емес бұйымдарын өндірумен айналысады. Спанбонд – бұл өте жеңіл, экологиялық жағынан таза, ұзаққа созылатын, ең жұқа полипропилен жіптерінен жасалады. Спанбонд қымбат материалдарды ауыстыру үшін қолданылады. Материалдың негізгі қасиеттері оның ыстыққа төзімділігі мен беріктігі, және тыныс алуға қолайлығында. Бұрын осы маталарды Ресейден алып жүрдік. Кейін рубль қымбаттағанда Қытайдан ала бастадық. Дегенмен біз қаржы аударып, ол маталар осында жеткізілгенше арада 4 айдан астам уақыт өтіп кететін. Қазір осы машақаттан құтылдық. Құрылғыларды Қытайдан әкеліп орнаттық. Сол жақтан екі маман келіп, біздегі мамандарға өнім-өндіру технологиясын үйретті. Дәл осындай зауыт ТМД елдерінде бар-жоғы үшеу-ақ. Оның бірі Мәскеуде болса, екіншісі Украинаның Киев қаласында. Қазақстан бұрын жол, ауыл шаруашылығы, медицина саласына қажетті осы маталарды шетелден алдырса, енді оны біз дайындап береміз.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жұмысшылардың 99 пайызы Айшабибі ауылының тұрғындары. 1 ауысымда 9 адам еңбек етсе, мұнда жұмысшылар 4 ауысым бойынша жұмыс істейді. Еңбекақылары 200 мың теңгеден жоғары. Оларды тасымалдайтын арнайы автобус бөлінген. Өндірілген өнімнің өзіндік құны шетелдік жеткізушілер ұсынған бағадан бірнеше есе төмен. Зауыттың өндірістік қуаттылығы айына 920 тонна дайын өнімді құрайды. Зауыттың іске қосылуы Қазақстан мен Орталық Азиядағы тоқыма емес материалды пайдаланатын барлық кәсіпорындарды толық қамтамасыз ете алады, – дейді компания кұрылтайшысы Қайрат Қаймолдаев.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Зауыт 2016 жылдан бері бір күнге де тоқтаған емес. Мұнда 120 жұмысшы бар болса, оның барлығы да жергілікті тұрғындар. Күніне 70-80 мың шыны банкасын өндіреміз. Сұранысқа қарай өндірілетін банканың сйымдылығы өзгеріп отырады. Мысалы сыйымдылығы 0,25 литр шыны ыдысқа тапсырыс түссе, ондай өнімнің минутына 34 данасы шығарылады. Жұмысшылардың айлықақысы 100-200 мың теңге аралығында.Цех басшысы Есберген Еламанов
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өнімнің жартысы өз елімізде өткерілсе, қалғаны Грузия, Қырғыз Республикасы, Ресейге экспортталады екен. Шыны ыдыс шығару үшін кварц құмы еліміздің Арал өңірінен тасымалданса, калцилендірілген сода, сульфат, доломит секілді қосындылар Ресей мен Өзбекстаннан жеткізіледі. Одан бөлек, зауыт жұртшылықтың тұтынғанынан қалған шөлмек, сынған әйнек, банка секілді тұрмыстық қалдықтарды да қабылдап, шикізат ретінде пайдаланады. Банка шығару үшін мұндай шынының күніне 25-30 тоннасы пайдаланылады. Зауытта 7-8 цех болса, бір цехта 14 жұмысшы бар.