Мас күйде көлік басқарған әйелден психотроптық дәрілер тәркіленді
Polisia.kz таратқан ақпаратқа сай, Атырау қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 30 қараша күні түнгі сағат 04:50 шамасында Атырау қаласы Мұнайшы мөлтек ауданында Ваз 2114 автокөлігін тоқтатқан.
Полицейлер тексеру кезінде көлік құралын басқарған Өзбекстан Республикасының 30 жастағы азаматшасының мас екеніне күдіктенеді. Сараптамадан өткізу нәтижесінде оның есірткілік мас күйде екендігі анықталды.
Аталған азаматшаға ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) әкімшілік хаттама толтырып іс-құжаттар әкімшілік сотқа жолданды.
Сонымен қатар Өзбекстан Республикасының азаматшасының қол сөмкесінен әр түрлі 34 психотроптық дәрі-дәрмек тәркіленді. Аталған азаматшаға қатысты №2 қалалық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.