Бэйби-бум: 2022 жылы балалы болған жұлдыздар кімдер
Осы жылдың басты жаңалықтарының бірі – әнші Jah Khalib-тың әке атанып, қызын құшуы. Қуанышты жаңалық әншінің өміріне де, өнеріне де ықпал етті. Ол қызының қылығына тамсанып, бөбегіне арнап "Дочь" әнін жазды. Ай бұрын шыққан әнді Youtube-те 16 миллионнан астам адам тыңдаған. Әншінің анасы Ләззат Мамедованың айтуынша, Jah Khalib пен жұбайы қызының есімін Сафия деп қойған.
Сурет: Instagram/jahkhalib
Биыл қаңтарда Айсәуле Бақытбек ана атанды. Ол тұңғыш сәбиін қолына алса, анасы продюсер Баян Мақсатқызы әже болды. Қуанышты жаңалықты желіде Айсәуленің бөлесі Аша Матай бөлісті. Кейіннен жұлдыздың өзі қыздарының кіндігін әкесі кескенін, босану кезінде үлкен қолдау білдіргенін айтты.
Сурет: Instagram/aissaulebakytbek
Барыс жылы біраз отбасы үшін қуанышқа толы өтті деуге болады. Мысалы, актер Еркебұлан Дайыровтың отбасында көптен кұткен атқа мінері дүниеге келді. Актер ұлына Бауыржан деп ат қойған. Дәл сол уақытта Еркебұлан Дайыров гастрольдік сапарда жүргенімен өнердегі дос-жарандары, жанкүйерлері оны құттықтап, ақ тілегін жолдады.
Сурет: Instagram/leila_tleuova
2022 жылы болған жағымды жаңалықтың бірі – Мақпал Исабекованың 38 жасында тұңғышын, ұлын қолына алуы. Әнші шекесі торсықтай ұлын жолдасымен қатты күткенін, осындай жауапты шешімге дайындалғанын кейіннен сұхбаттарда айтып берді. Қазір әнші бала күтімімен үйде. Мақпал жолдасымен бірге ұлына ерекше - Теодор деген есім берді. Әншінің айтуынша, Теодор "Құдайдың сыйы" деген мағына береді.
Сурет: Instagram/makosyai
Сонымен қатар, биыл әнші Нұржан Керменбаев көпбалалы әке атанды. Сәбиге Имран деген есім берілгені белгілі болды. Еске салайық, бүгінде әншінің үш ұлы, бір қызы бар. Оған қоса Нұржан Керменбаевтың тұңғышы биыл мектеп табалдырығын аттады.
"Алланың қалауымен Болатбек Имран Нұржанұлы патшамыз аман-есен дүниеге келді. Аяқ-қолымды бауырыма алып, жеңілдеп, Аллаға шүкір деп жатырмыз. Баршаңызға осындай бақыт жұғысты болсын", - деп жазды әншінің жұбайы Назерке Керменбаева.
Сурет: Instagram/nazerke_kermenbayeva
2022 жыл актриса Айым Сейтметова үшін де жақсы жаңалықпен есте қалды. Актриса биыл тұңғышын дүниеге әкелді. Жолдасы екеуі сәбиге Томирис деген есім берді. Олар бұл есімді кездесіп жүрген кездерінде таңдап қойған.
"30.03.2022. Ана атандым. Өмірге қош келдің, қызым. Иісің қандай керемет", - деп жазды актриса.
Сурет: Instagram/aiymsm
Балалы болғандар қатарында продюсер, тележүргізуші, актер Нұрлан Қоянбаев та бар. Қоянбаевтың шаңырағында үшінші бала дүниеге келді. Телепродюсер жары мен жаңа туған ұлының перзентханадан шыққан сәтінен видео бөлісті.
"Сүйінші,ағайын! Қазақ еліне +1 батыр", - деп жазды Нұрлан Қоянбаев.
Сурет: Instagram/koyanbayevnurlan
Сонымен қатар, жазда актриса Жәния Джуринская тұңғышын дүниеге әкелді. Ол қыздарының өмірге келу сәтінде жолдасының қасында болғанын, қолдау білдіргенін жазды. Жәния қызына жүкті кезінде өзін қатты жақсы көргенін, шопоголик болып кеткенімен бөлісті. Жолдасы екеуі ақылдаса келе қыздарына Софи деген есім берді. Джуринская осы есімді өз баласына қоюды бойжеткен кезінен армандапты. Сонымен қатар актрисаның әжесінің де есімі Софи екен.
Сурет: Instagram/djurinskaya
2022 жылы күзде Тәуекел Мүсілімнің екінші ұлы дүние есігін ашты. Актер ұлының есімін Әмір деп қойғанын айтты. Актердың сөзінше, тұңғышы Айтөре де інісін жылы қабылдаған. Еске сала кетейік, Тәуекел Мүсілім 2019 жылы үйленген еді. Бүгінде жұбайы екеуі қос батырды тәрбиелеп отыр.
Сурет: Instagram/mussilim
Әке атанғандардың арасында әнші Қуандық Рахым да бар. Бірақ Қуандық қызы дүниеге келгенде гастрольде жүрді. Сол кезде ол Instagram-дағы парақшасына "Баламды көрмей тұрып сіздерге келдім, Көкшетау, Петропавл, Қостанай" деп жазған еді. Кейіннен қызы мен келіншегінің перзентханадан үйге аман-есен шыққанын жазып, сүйінші сұрады.
"Тілекпен кел, жүрекпен кел, ағайын,
Жақсылықты жақын көрсін жат көрсін.
Тәңір төгіп шуағы мен арайын,
Қызым менің - Қызырлы үйге бақ болсын", - деп өлеңдетті әнші.
Сурет: Instagram/rakhym_kuandyk.kz
Осы жылы "Айгөлек" бағдарламасы арқылы танылған әнші Еркеш Хасен де әке болды. Қуанышты хабарды қалың көпке өзі жеткізіп, сүйінші сұрады. Әншінің тұңғышы – қыз. Жақында Еркеш қызымен түскен видеоны жариялап, продюсерім осы кісі деп жазды. Өнер иесінің оқырманы видеоға сүйсініп, ақ тілегін жаудырды. Айта кетейік, Еркеш Хасен 2021 жылы үйленген еді.
Сурет: Instagram/erkesh.khasen