Жыл қорытындысы: 2024 жылдың есте қалар естеліктері

2024 жылдың есте қалар естеліктері, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.12.2024 16:58 Сурет: Zakon.kz, ҚР ТЖМ, pixabay, Маңғыстау облысы әкімдігі
Zakon.kz тілшісі өтіп бара жатқан 2024 жылдың елеулі оқиғаларын тізбектеп шықты. Биыл қуаныш пен қайғысы қатар жүрген жыл болды. Не болса да өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп!

Алматыдағы жойқын жер сілкінісі

23 қаңтарда түн ортасында оңтүстік астананың тұрғындары зілзаладан оянды. Жұртшылық артынша әлеуметтік желіде жер дүмпуі ауық-ауық қайталанып тұрғанын жазды. Көпшіліктің үрейін алған сілкініс 5 баллға бағаланды.

Сурет: Zakon.kz

Оқиға кезінде ТЖД халықты қанша дүрлікпеуге шақырса да, көпшілік Алматы маңындағы жер үйде тұратын жақындарын жағалай бастады. Соның салдарынан қалада "кептеліс" пайда болды, дегенмен мұны такси жүргізушілері сәтті пайдаланып, қалталарын қампитты.

4 наурызда дәл осы жағдай қайталанды.

Сурет: Zakon.kz

Бұл жолы қалада сирена ойнап, өткен жолғы қателіктер ескерілді.

Уақыт белдеуінің өзгеруі

Қазақстанның Бірыңғай уақыт белдеуіне көшуі туралы мәселе 2023 жылы басталды, 2024 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша шешім әлі түпкілікті қабылданбаған. Алайда, аз уақыт ішінде "жұмыс тобының қатысушылары UTC+5 Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу Қазақстанның көптеген өңірлері табиғиға жақын уақытты пайдаланатын ең дұрыс және оңтайлы нұсқа болып табылады деген пікірге келді".

Осылайша, 1 наурыздан бастап еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне ауысты. Халық арасында бұл шешімге қарсы келгендер де табылды. Жыл бойы дерлік, халық жаппай петицияға қол қойып, бұрынғы уақытты талап етумен келеді. Алайда, билік басындағылар бұл жөнінде шешім қабылдауға асығар емес.

Су тасқыны

Елімізге ағымдағы жылы соңғы 80 жыл бойы болмаған табиғи апат — қарғын су келді. Бұл жағдай тек Қазақстанда ғана емес, көрші елдерде де орын алды.

Сурет: Zakon.kz

Ауқымды тасқын су Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарын қамтыды.

Бүгінде су тасқынының салдары толығымен жойылды.

АЭС құрылысы

АЭС салу бойынша жұртшылықтың пікірі қақ жарылды. Адамдардың бір тобы сараптамалық қоғамдастықтың пайымдауына тереңірек үңіліп, идеяны қолдаса, енді бірлері ядролық реактордан сескенді.

6 қазанда өткен референдум дауға түпкілікті нүкте қойды.

Қазақстандықтардың көпшілігі АЭС салуды жөн көріп, белсенділік танытты.

Салтанаттың ісі

2023 жылы 9 қарашада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталды. Қайғылы оқиға елордадағы "Бау" мейрамханасында болды.

Сурет: Instagram/aitym

2024 жылдың 8 қаңтарында Бишімбаев ісі бойынша тергеу аяқталғаны хабарланды. Кейін Ішкі істер министрлігі жұбайы Салтанат Нүкенованың өліміне күдікті Қуандық Бишімбаевқа "Аса қатыгездікпен кісі өлтіру" бабымен қоса, "Азаптау" бабы бойынша да айып тағылғанын хабарлады.

11 наурызда бірінші сот отырысы өтіп, онда мемлекеттік айыптаушы тергеу нұсқасын, одан кейін Қуандық Бишімбаев өз ұстанымын айтты. Басты сот 27 наурызда басталды. 2024 жылғы 24 сәуірде судья Бишімбаев ісі бойынша сот тергеуі аяқталғанын мәлімдеді.

Сурет: Telegram/Jogargy_sot

2024 жылдың 13 мамырында сот экс-министрді 24 жылға бас бостандығынан айырды.

Ақтау маңындағы ұшақ апаты

2024 жылғы 25 желтоқсанда, Бакуден Грозныйға бет алған әзірбайжандық Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының жолаушылар ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Ұшақтың құлау сәтін және оқиға орнындағы бейнероликтерді желіде куәгерлер тарата бастады.

Қатты соққыдан кейін ұшақ жарылып артынша өртке оранды. ҚР ТЖМ хабарлағандай, оқиға орнына жеке құрамнан 52 адам және 11 бірлік техника барды.

Ұшақ бортында 67 адам болған.

Кейінірек желіде жолаушылардың тізімі пайда болды. Тіркелгендердің көпшілігі әзірбайжандар, сондай-ақ, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары бар екендігі анықталды.

Көлік министрлігінің дерегінше, бортта алты қазақстандық болған.

Полиция басқармасының қызметкерлері "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көлік құралын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Артынша желіде құтқару сәтінен бейне тарады.

Кейінірек Росавиация Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты пікір білдірді.

"Алдын ала: ұшақ бортындағы төтенше жағдайға байланысты құстармен соқтығысқаннан кейін оның командирі балама аэродромға "баруға" шешім қабылдады — ол Ақтауды таңдады".

Осы арада қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына Премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Ұшақ апатынан 29 адам аман қалып, 38 жолаушы қаза тапты.

Бортта болған алты қазақстандықтың барлығы көз жұмды.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: