Жас суретшілер алматылықтарды ерекше жаңа жылдық туындыларымен қуантты
Жас суретшілердің туындылары өнер мектебінде өткен байқауда іріктелген болатын. Ең үздік бес жас суретшінің туындылары Алматының көшелерінде орналастырылды. Байқауға 56 жұмыс жолданған болатын.
"Жаңа жыл қарсаңында балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында біз осындай байқау өткізуді жөн көрдік. Оқушылар шарада белсенділік көрсетті, оқытушылар да барынша оларға қолдау білдіріп, бағыт-бағдар берді. Бір айта кетерлігі, суреттердің барлығы арнайы компьютерлік бағдарламада салынды. Байқауға 13-15 жас аралығындағы жоғары сынып оқушылары қатысты. Меніңше, мұндай байқаулар балалардың шығармашылығын шыңдауға және өнерін танытуға септігін тигізетіні анық".Ықылас Шайхиев, Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн мектеп директорының орынбасары
Жеңімпаздардың сөзінше, бұл байқау олар үшін өз өнерін көрсетіп, ары қарай қабеліттерін дамыту үшін керемет мүмкіндік болған.
Сурет: Jusan.kz
"Жаңа жыл дегенде ойыма бірден қоян түсті. Келер жылдың символын өзімнің жұмысыма негіз ете отырып, осы бір кескінді құрастырып шықтым. Байқауға қатысу себебім – біріншіден өзімді сынағым келді. Ұстаздың көмегінсіз өз бетімше сурет сала аламын ба деген сұраққа жауап алуды ойладым. Бұған дейін мұндай жобаларға қатысып көрген емеспін. Менің туындым қазылар алқасының көңілінен шыққанына қуаныштымын". Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебінің оқушысы Жазира Сейдвалиева
Сурет: Jusan.kz
"Өз туындымда жаңа жылдық көңіл-күй мен атмосфераны бейнелегім келді. Алғашында менің жұмысым қазылардың көңілінен шығады деп ойлаған жоқпын. Байқау шарттары бойынша суретті компьютерлік бағдарламаның көмегімен салу қажет еді. Өз басым осы бағдарламаларды қолдануды жақсы көретіндіктен байқауға қатысу жайлы көп ойланбадым. Алдағы уақытта да осы бағытта әрі қарай жетілгім келеді", - дейді байқаудың тағы бір жеңімпазы Алина Омарова.
Jusan-ның маркетинг департаменті директоры Дана Дүйсекова жобаның басты мақсаты шығармашыл жастардың ынтасын арттыру болды дейді.
Сурет: Jusan.kz
"Біз еліміздің креативті индустриясын дамытуға үнемі қолдау білдіреміз, қазірде шығармашыл жандармен бірнеше жобаны жүзеге асырып үлгердік. Ал жаңа жыл қарсаңында Jusan Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебімен бірігіп, Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлауды ұйғарды. Байқауға ұсынылған жұмыстардың барлығы да өте креативті, кейбірі тіпті тәжірибелі графикалық маманның қолынан шыққандай. Сондықтан біз қатысушылардың барлығын марапаттадық. Ең бастысы жас таланттардың көзінде отты оята алдық деген үміттеміз".Дана Дюсекова.