Шымкенттіктер қақаған қыста далада қалған көпбалалы анаға 22 млн теңге жинап берді
Назира Дүйсебаева қуаныштан көз жасына ие бола алмай қалды. Жалдап тұрып жатқан үйі түгі қалмай өртеніп, далада қалған алты баласы бар ана жақын күндері қоныс тойын тойлайды. Ол екі қабатты үйге қол жеткізді, деп хабарлайды otyrar.kz.
Қиындыққа тап болған көпбалалы ананың зарын естіген журналистер, қоғам қайраткерлері мен еріктілер қаражат жинау үшін арнайы шот ашты. Сегіз күн ішінде ел азаматтарынан оған 22 миллион теңгеден астам ақша келіп түсті.
"Қатты қуанып тұрмын. Бұл - балаларымның бақыты. Ақыры өз үйімізге де қол жеткіздік. Қарапайым халыққа әрі маған көмектесуге ниет білдірген барлық адамға алғысым шексіз. Кезінде осы үйдің жанынан өтіп бара жатқанда, осындай үйім болса ғой, шіркін деп армандаушы едім, енді, міне сол арманым орындалды. Балалар көшіп келіп, жайғасып жатыр, бөлмелерді бөлісіп. Айтқандай, өртенген жалдамалы үй "Елге қызмет" қорының есебінен толықтай қалпына келтірілді. Оларға да үлкен рақмет".Шымкент қаласының тұрғыны Назира Дүйсебаева
Көпбалалы ананың Қайнар бұлақ тұрғын алабындағы жаңа үйінің құны 19,5 миллион теңгені құрайды. Жиналған қаражатқа несиелерді де жабу мүмкін болды.
"Бірінші кезекте қарапайым халыққа алғыс айтқым келеді. Барлығына көп рақмет. Назира қиын жағдайда қалғанда ешкім шетте қалмады. Қоғам белсенділері де, әкімдік те, қарапайым тұрғындар да мүмкіндігінше көмектесті. Біз, тіпті 22 миллион теңге жинайтынымызды елестете алмадық. 19,5 миллион теңгеге баспана, қалғанына жиһаздар және т.б. сатып алынды. Сондай-ақ Назираның жеті несиесі жабылды. Барлығына ақша жетті". "Қайнар бұлақ" тұрғын үй алабының Бас төрағасы Ақмарал Өмірзақова
Назира Дүйсебаева осы уақытқа дейін баспаналы болғанына сене алмай жүр. Көпбалалы ана көрсеткен көмегі үшін көпке дән риза.