Алматыда қаралы қауым Мирболат Құрмашевті ақтық сапарға шығарып салды
"Мирболат Құрмашевтің жаназасы Алматыдағы Райымбек батыр мешітінде оқылды. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне туған-туыстары, жақындары, бірге оқып, қызмет еткен достары, әріптестері келді. Оның арасында Мирболаттың курстас-досы - Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де болды", деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалды.
Мирболат Алматы әуежайы маңындағы Әлмерек ауылына жерленді.
Мирболат Құрмашев қазақ-түрік лицейінде, кейін SDU халықаралық университетінде оқыған, өте білімді жастың бірі еді. Кейін еліміздің ІТ саласында қызмет етіп, электронды үкімет "құрылысына" да ат салысқан. Соңғы жылдары кәсіпкерлікке бет бұра бастаған әрі Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті болған. Жер сілкінісі кезінде ол әріптестері Әділ Қадырбеков, Сабина Мамадьярова және Құбылай Кескинмен бірге Хатай провинциясында болған. Жер сілкінісінен кейін олармен байланыс үзілді. Олардың қатарынан тек Сабина аман қалды.
Айта кетсек, ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркияда қаза тапқан қазақстандық азаматтар - Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековтің мәйіттері елге жеткізілгенін хабарлаған болатын. Мирболаттың денесі Хатай провинциясындағы үйінділер астынан табылды.