99 жастағы қарт шөпшегінің қолынан май жеді
Атаның шөпшектің қолынан май жеген сәті түсірілген видео Tiktok желісінде пайда болды. Видеоға назар салсақ, қария өзінің шөпшегінің қолынан торттың бетіндегі кремді жалап жатыр. Айналасында сөйлеп жатқан жұрт қарттың осы жасқа жеткеніне, шөпшек қолынан май жалағанына қуанып жатыр. Видеоны жарты миллион адам көріп үлгерген.
Желі қолданушылары да 99 жастағы қартқа тілегін айтып, "Осы кісінің жасын берсін" десті.
"Атамызға Алла күш-қуат берсін. Ал бізге жасын берсін", "Атаның өзі бала сияқты отыр ғой", "Недеген қуаныш, недеген бақыт", - деп пікір қалдырды желі қолданушылары.
@elle.iskander ♬ оригинальный звук - elle.iskander
Қазақта "шөберенің алақанынан май жалау" дәстүрі бар. Бұл - халқымыз үшін өмірдің бір қызығы. Себебі қазақ "Адам ұрпағымен мың жасайды" дейді, осы түсінікке сенеді. Бала сүю, ұрпақ өсіру, оның ішінде әсіресе шөбере деп аталатын төртінші ұрпақты көру кемеліне келген қарттықты білдіреді. Оның қазақ әдетінде жөн-жосығы, қағидасы бар.
Жөн-жосығы дегеніміз - ата мен әженің жаңа туған шөберенің алақанынан су ішуі, шөпшек қолынан май жалауы. Халық "Шөбере қолынан су ішкен адам бұл дүниеде де, о дүниеде де жолы ашылып, бақытты болады" деп сенген. "Шөберенің алақанынан май жалаған, шөпшектің қолынан су ішкен адам жұмаққа барады" деген түсінік те бар.