Жамбылдықтар әз-Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жағымды жаңалықтар да толастаған жоқ.
Шымкент қаласында өткен "Great Qasaq Games" республикалық этнофестивалінде Жамбыл облысының тіккен киіз үйі үздік деп танылып, жеңімпаз атанды.
Шара барысында 17 облыс 17 киіз үй тігіп, ұлттық өнерден көпшілікке шашу шашты.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Этнофестивальге келушілердің, өнер иелерінің ішінде Жамбыл облысының атынан киіз үй тіккен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің өнер туындылары жұртшылықты тәнті етті.
Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы жаңа ипподромның ашылуына орай өткен ұлттық ат спорт ойындарында да жамбылдықтардың мерейі үстем болып, қуаныш сыйлады.
Облысымыздан 20-ға жуық ат қатысқан бәйгеде жерлестеріміз 8 жүлделі орынды жеңіп алды.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Атап айтсақ, Аламан бәйгеде жамбылдық жүйріктер 1,3,4,5-орындарды иеленсе, Құнан бәйгеде 2,4,5-орындардан көрінді. Ал, топ бәйгеде облыстан барған тұлпарымыз 3-орынға лайық деп табылды.
Сондай-ақ, көкпардан Жамбыл облысының Әулие Ата және Қырғызстан Республикасы командалары арасында ойын өтті.
Жерлестеріміз (12-2) есебімен жеңіске жетіп, облыс абыройын асқақтата білді.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бұдан бөлек, Қазақ күресінен өткен белдесулерде 60 және 75 келі салмақтардағы 1-орын да біздің балуандардың еншісіне тиді.
Осылайша, Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық ат спортынан облысымыздың намысы тағы да лайықты түрде қорғалып, мерейіміз таси түсті.
Сурет: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ұлттық спортымыздың жалауын желбіретіп жүрген спортшыларымызға алдағы уақытта да сәттілік тілеймін! Жеңісті күндер таусылмасын!