Ақтөбеде фермерлер субсидия талаптарын қайта қарауды сұрап, митинг өткізді
"Кредит мәселесі 24,25 пайызға көтеріп жіберді. Ол өте қиын. Ауыл шаруашылығы құрылымдары оны көтере алмайды, сондықтан алмайды. Субсидия беріп жатырмыз дейді. 14,16 пайызбен беріп жатыр. Біздің сұрап отырғанымыз, тікелей 2,5 пайызбен ақша беріңіз. Ол субсидияны тікелей қаржы институтына беріңіз. Бір қолдан бір қолға, әрліберлі ақша айдамайық". Шаруа қожалығының басшысы Мақсат Балғазин
КТК телеарнасының хабарлауынша, Ақтөбеде өткен бейбіт митингіге көршілес Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстарының шаруалары да келді. Күрмеуі шешілмеген мәселе тек мал бағушылар ғана емес, егін шаруашылығында да бар. Былтырдан бері Ақтөбе облысында 30 мың тоннаға жуық бидай ешқайда өткізілмей қамбаларда жатыр. Өнімді тіпті, макарон өнімдерін шығарумен айналысатын отандық кәсіпорындар да алмай отыр.
"Кең дала" бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына берілетін қаржы көлемі де аздық етеді. Фермерлер "Аграрлық несие корпорациясынан" бір-екі Серіктестіктегі қателікке бола, бүкіл жүйені жауып тастамауды сұрайды. Айтуларынша, қазір "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компанияларынан берілетін несие үстемақысы 24 пайызға дейін көбейтілген. Ең үлкен мәселенің бірі – осы. Кездесуге келген холдинг басшылары мәселені реттейміз деп уәде етті.
"Субсидияны барлығы тек "Бәйтеректің" қарамағындағы еншілес компаниялардан неге тура түспейді дейді. Енді ауыл шаруашылығы министрлігімен ол жұмыс істелініп жатыр. Негізі олар да қарсы емес. Ақтөбе облысы тым болмаса осындай пилот жоба өткізіп, осы субсидияны тікелей несие компанияларына төлеңдер деп қарастырамыз"Бәйтерек" АҚ басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев