Дін қызметкері мұсылмандардың православтарға оң ықпалы жайлы айтып берді
- Адам санасын әлеуметтік желілер жаулап алған ХХІ ғасырда халықты дінге тарту, жалпы, діни қызметті атқару қаншалықты қиын?
– Әр дәуірдің өзіндік ерекшеліктері бар, ал адамдармен жұмыс істеу әрқашан да қиын болған. Бүгінде адамды азғыратын дүниелердің барлық түрі үлкен сипатқа ие болды. Дегенмен, дін әлеуметтік желілердегі зиянды насихатқа қарсы тұруға тырысады: мысалы, блогер-діни қызметкерлер белсенді жұмыс жүргізуде.
- Жалпы, пандемия діндердің қызметіне, соның ішінде Православие шіркеуінің жұмысына теріс әсер етті дейді. Мұндай үрдіс Қарағандыда сезілді ме?
– Иә, белгілі бір мөлшерде діндарлар азайып кетті. Тіпті, ковидке байланысты шектеулер алынғанына біраз болса да, кейбір адамдар ғибадатханаға келуді ұмытты. Көп жылдар бойы шіркеуге келіп жүрсе де, екі жылдың ішінде ішкі дүниетанымдары өзгеріп, діни қауымнан алыстап кеткендер бар.
- Шіркеуге келушілер құрамында жасына, жынысына қарай өзгерістер байқала ма?
– Иә, расында кейбір өзгерістер байқалады. Бұрын дінге аса қызықпайтын орта жастағы ер адамдар көп келе бастады. Оған ислам дінінің ықпалы болды деген болжамым бар. Соңғы жылдары мұсылмандар арасында еркектер белсенді құлшылық жасауда: дінді терең ұғынып, жаппай мешіттерге барып, намаз оқып, ораза ұстайды. Бұл сырт көзге қатты байқалады.
Бәлкім, осы құбылыс кейбір православтарды өз сенімдері жайлы ойлануға, шіркеуде не болып жатқанын білуге итермелейді. Бұл әрине, оң ықпал екені сөзсіз. Дегенмен, адамда мұндай құлшыныс шынайы болуы тиіс, жарысу мақсатында емес.
- Шіркеуге келетін қауым сізге көбіне қандай мәселелермен жүгінеді?
– Негізінде отбасындағы қарым-қатынасқа қатысты тұрмыстық сұрақтар бойынша кеңес сұрайды. Көбісі христинадықтың негізгі мәселелерін түсінбей жатады. Мысалы, баланы шомылдыру рәсіміне келеді. Осыдан кейін балада барлығы жақсы болатынына сенеді. Сөйтіп, оларға шомылдыру рәсімінің мәні басқада екенін, ол балаға белгілі бір міндеттер жүктейтінін түсіндіру қажет болады. Көбісі ол туралы естімеген де.
Сурет: mitropolia.kz
Діни қызметінен бөлек, Ахия Рахимжанов – тарихшы. Ол Қарағанды епархиясы діни білім және катехизация бөлімін басқарады. Протоиерейдің зерттеулерінің бірі Карлаг тұтқындары жайында болған.
1990 жылдардың ортасында Алматы және Семей архиепископы Алексий (Кутепов) Алматы тарихшыларына, атап айтқанда, белгілі шіркеу тарихшысы Вера Королеваға қуғын-сүргін жылдарында репрессияға ұшыраған барлық православиелік христиандар туралы ақпарат жинауды тапсырды. Қарағанды қудалау орталығы болғандықтан, мұнда зардап шеккендердің тағдырына қызығушылық пайда болды, – дейді Ахия Рахимжанов.
Ол Ресей мен Украинадан Қазақстанда жоғалып кеткен жақындары туралы ақпарат сұрап, көптеген өтініштер келгенін атап өтті.
Айта кету керек, көптеген істер бір-біріне өте ұқсас болды. Бұл хаттамаларды тергеушілердің өздері толтырғаны белгілі, себебі сотталушылардың жауаптары оларға тән емес және кеңсе, мемлекеттік, мүлдем шіркеулік емес тілде жазылған, – деп түсіндірді діни қызметкер.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде дін қызметшісі Иаков Воронцов неліктен құлшылықты қазақ тілінде жүргізгенін түсіндірген болатын.