Семейдегі жылу желілерінің 68 пайызы ескірген
Семейдің оң жағалауындағы қазандықтарға 118 гигакалория сағат жылу жетіспейді. Дәл қазіргі уақытта осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарында жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр.«Ғаббасов» қазандығына қуаты 20 гигакалория сағат сумен жылытылатын қазандық орнатылуда. Құрылысы жылу маусымы басталғанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, деп жазады Хабар 24 телеарнасы.
1977 жылы салынған «Ғаббасов» қазандығы қаладағы 66 көп қабатты, 138 жер үй, 10 әлеуметтік, 39 бюджеттік ұйым мен 140 коммерциялық нысанға жылу береді. 2023 жылдың қазан айынан бері осы қазандықта 44 технологиялық ақау тіркелген. Биыл «Ғаббасов» пен «Орталық» қазандықтарындағы былтыр басталған жұмысты аяқтауға республикалық бюджеттен 1 миллиард, 300 миллион теңге бөлініпті.
Бейбіт Мәкенов, "Ғаббасов" жылу қазандығының басшысы: - Қойылып жатқан 20 гигакалориялық сумен жылыту қазандығы мұндағы қазандықтардың қуатын арттырады. Бұл жердегі жылу жетіспеушілігі 18 гигакалорияны құрайды. Жаңа қазандық іске қосылса жылу жетіспеушілігі мәселесі жабылады деп есептеймін.
Дәл осындай жаңа қазандық «Орталық» қазандығына да орнатылуда. Биыл қаладағы 3 жылу беру пункті мен 27 шақырым жылу желісін жаңарту да жоспарланып отыр. Бұған республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге қарастырылған.
Болат Әбдірәлиев, Абай облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: - Өткен жылу маусымының өзінде 424 апатты жағдай болды. Өйткені, жылу қазандықтары мен жылу желілерінің тозығы жеткен.Осы олқылықты жою мақсатында облыстық және қалалық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұған 13 жылу беру пункті мен жылу желілері жөнделеді.
Бірақ мұнымен Семейдегі жылу мәселесінің шешілмейтіні анық. Түйткілдің түйінін тарқату үшін бірінші кезекте қаланың 35 пайызына жылу беріп отырған №1 Жылу электр орталығы, «Орталық», «103», «РК 1» және «РК 3» қазандықтарына тиесілі жылу желілерін толық ауыстыру қажет. Өйткені, шаһардың инфрақұрылымы жылдан жылға емес, күннен күнге тозып барады.
Серік Төленбергенов, жылу жеткізуші кәсіпорынның директоры: - Абай облысын дамытудың кешенді жоспарына құны 150 миллиард теңгеден асатын 30 жоба енгізілген. Бірақ бес жылды күтіп отырсақ көп уақыт жоғалтамыз. Қазір біз 19 жоба әзірлеп қойдық. Жобалық-сметалық құжаттарын жасау үшін меморандумға қол қойылды. Қорыта айтқанда, 2023 жылға 34, 2024 жылға 80 миллиард теңге қажет. Үкіметтен қосымша қаржы бөлінсе, 60 шақырымға жуық жылу желісін жаңалауға мүмкіндік туады.
Семейдегі сан жылдар бойы сарысудай жиналып, шешімі табылмай шеменге айналған мәселенің бірі жаңа Жылу электр орталығын салу. Президенттің пәрменінен соң сең қозғалып, қазір маңызды нысанның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Құжат жыл соңына дейін дайын болуға тиіс. Ал жылу орталығының құрылысына Абай облысын дамытудың кешенді жоспары аясында 480 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарланған.