Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Бүкілармиялық кеңес отырысы басталды
"Қарулы Күштеріміз – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі. Туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау – қасиетті парыз. Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз." Президент
Мемлекет басшысының сөзінше, біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші – тыныш, қоғам – тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс. Қазақстан барлық елдермен достық қатынас орнатқан. Біздің ұстаным – айқын.
"Барлық мәселе халықаралық құқық аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес шешілуге тиіс деп санаймыз. Алайда, заман күнде құбылып жатыр. Мемлекеттер өз мүддесін қорғау үшін жиі күш қолданатын болды. Әлемде жаппай қарулану белең алды. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде армияның рөлі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болу қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды." Президент
Әскердің білікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәтижесіне тікелей әсер етеді. Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады. Түрлі қауіп-қатерге тойтарыс бере алады. Мен сайлау алдындағы бағдарламада Қорғаныс саласының басымдықтарына арнайы тоқталдым, деп ойын жеткізді Қасым-Жомарт Тоқаев.